Мәжілісте жаңа Конституцияның жобасы талқыланды

  • 254
  • 04.02.2026, 21:33

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жаңа Конституция жобасын талқылады. Тақырып өзекті болғандықтан оны арнайы күн тәртібіне енгізді. Ұсыныс дауысқа салынып, жалпы отырысқа қатысып отырған 92 депутаттың 90-ы қолдау білдірді. Сөз алғандар құжаттың мазмұнына қатысты өз пікірлерін ортаға салды. 

Өткен аптада Конституция жобасының мәтіні жарияланды. Содан бері  қоғамда, әлеуметтік желілерде оның мазмұны талқыланып жатыр. Өкініштісі, бұрмаланған ақпараттар да таралыпты. Бір жағы соның ара-жігін ажырату әрі қосымша түсіндіру үшін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи біз де талқылаудан шет қалмайық деген бастама көтерді. Әріптестері бұл ұсынысқа қолдау білдірді. 

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керекті. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек. 

Келесі сөз алғандар құжаттың мазмұнындағы жекелеген баптар мен тармақтарды тақатып берді. Мәселен, Егемендік пен Тәуелсіздік – жаңа Конституцияның басты қағидаттары. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында тарихи сабақтастық ұстанымы бірінші кезекте қаралған.

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуы – тарихи сабақтастықты құқықтық деңгейде бекітудің нақты дәлелі. «Ұлы дала» ұғымы эмоциялық немесе поэтикалық тіркес емес. Бұл Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи кеңістігі, мәдени коды және философиясын бейнелейтін нақты ұғым. 

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Реформа жөніндегі комиссия мүшелері кімдер, олардың біліктілігі қандай?» деген пікірлер де аз айтылған жоқ. Салыстырмалы түрде айтсам, 1995 жылы жазылған қолданыстағы Конституцияны Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Мұхамеджанов бастаған небәрі 12 адам ғана жазып шыққан. Ал бұл жолы Конституция жобасын 130-дан астам өз азаматтарымыз әзірледі. Мәжілісте талай әріптестеріміз айтқан ұсыныстар қолдау тапты. 

Депутаттар жаңа Ата Заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылғандығын атап өтті. Ал мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі – Қазақстан халқы деп көрсетіліпті.

Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы 11 бөлім, 320 тармақтан, 95 баптан тұрады. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин