ШҚО-да 9 су электр стансасын салу көзделіп отыр

  • 241
  • 05.02.2026, 21:31

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыру үшін өзендердің мүмкіндігін зерттеу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында жүргізіліп жатыр. Себебі өңірде Республиканың су ресурстарының шамамен жартысы шоғырланған. Зерттеу нәтижесінде аймақта шағын су электр стансаларын салуға қолайлы 95 учаске анықталды. Бұл экожүйеге ауқымды әсер етпейтін, жергілікті қажеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған ықшам нысандар. Оларды таулы аудандарда салу жоспарланып отыр. Өйткені дәл осы өңірлерде электр қуатына сұраныс жоғары. Жобаларды іске асыру жалпы энергожүйеге түсетін жүктемені азайтып, елді мекендер мен өнеркәсіптің дамуына қажетті энергетикалық қор қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы бес жылда облыста жалпы қуаты шамамен 149 мегаватт болатын 9 су электр стансасын салу көзделіп отыр.

Рауан Тұраров, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

-Алғашқы болып жүзеге асырылатын су электр стансасы Үлкен Нарын ауданында салынады. Оның қуаты 1,4 мегаватт. Жобаны іске асыру 2027 жылға жоспарланған. Яғни сол жылы нысан толық пайдалануға беріледі.