Алматы «ұйықтамайтын қалаға» айналмақ

  • 245
  • 05.02.2026, 21:49

Алматыны күндіз-түні қонағы үзілмейтін, Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты «ешқашан ұйықтамайтын қалаға» айналдыру керек. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Алматы әкіміне осындай тапсырма берілгенін айтқан. Қазір түнгі экономика әлемдегі көптеген ірі шаһарлардың дамуына септігін тигізе бастаған.

Алматыны халық бейресми түрде «ұйықтамайтын қала» деп атайды. Кеш бата шаһардың тіршілігі саябырлай қоймайды. Қазір түнгі сағат 11-ге дейін қалада 12 ашық әрі ақысыз мұз айдыны жұмыс істейді. Ал Almaty Arbat-тағы түнгі серуен, сауда мен шығармашылық нысандардың жұмысы түн ауғанша жалғасады. 15-ке жуық дәмхана тәулік бойы қызмет көрсетеді. Табиғат аясында демалғысы келетіндер Іле-Алатау ұлттық паркіне бағыт алады. Қала ішінде таңғы алтыға дейін нөмірі үшінші автобус қатынайды. Ақпан басталғалы Алматы музейінің жұмыс уақыты да ұзартылды. 

Кәмшат Жанәлиева, Алматы музейінің жетекшісі:

-Енді сейсенбіден жексенбіге дейін музейіміз сағат 10:00-ден таңғы, түнгі 00:00-ге дейін жұмыс жасайтын болады. Енді көбісі күндізгі уақытта жұмыста болады, сабақта болады дегендей. Осы келушілер контингентін ұлғайту, кеңейту мақсатында осындай өзгерістер орын алуда.

Шетелдердегі ірі қалаларда түнгі экономиканы дамытуға басымдық берілген. Мәселен, Қытайда бұл мемлекеттік стратегиялық бағыт. Бейжің, Чэнду, Гуанчжоу, Шанхай сияқты ірі қалалар түнде де тынышталмайды. Саудагерлер, суретшілер мен музыканттар жұмыс істейді. Тұрғындар мен туристер ағылып келеді. Мемлекет түнгі сауда мен дәмханаларға субсидия береді. Жарық, қауіпсіздік және қоғамдық көлікке инвестиция салынды. Кейбір мегаполистерде арнайы «түнгі экономика» менеджері тағайындалған. Нәтижесінде, өткен жылы түнгі сектордың кірісі 7 триллион долларға жетіпті.

Цюань Пин, түнгі базар менеджері:

-Қаламыз мәдени, гастрономиялық, музыкалық аймақтарды қамтитын 5 аймаққа бөлінген. Мұнда саудагерлер мен кәсіпкерлер түрлі тағамдар, кітап, ойыншық, қажеттінің бәрін ұсынады. Сатып алушылар бізге қайта оралуы үшін барымызды саламыз.

Ал Нью-Йоркте қас қарайған кездегі туризм, сауда-саттық жалпы экономикаға жыл сайын 35 миллиард доллар құйып, 300 мың жұмыс орнын қамтуға септігін тигізген.

Лондонның жыл сайынғы кірісі - 26 миллиард фунт стерлинг. Бұл қаланың ЖІӨ-нің шамамен 8 пайызы. Сарапшылардың айтуынша, алдағы он жылда түнгі туризмнің әлемдік нарығы үш есе ұлғаяды. 

Кореан Рейнольдс, Бостонның түнгі қала менеджері

-Егер біз түнгі уақыттағы экономикаға қолдау көрсетпесек, жалпы экономика құлдырайды. Түнгі экономиканың маңыздылығы күндізгіден кем емес. Егер түнде балаңыз ауырып қалып, үйде қажетті дәрі табылмаса, оны қайдан аласыз? Міне, осының бәрі түнгі экономиканың құрамдас бөлігі. 

Түнгі экономика тек туризм мен ойын-сауыққа ғана қатысты емес. Әлемде әр бесінші адам түнде ауысыммен жұмыс істейді. Бірақ көбіне оларға толық жағдай жасалмайды. Мысалы, жеткізу немесе қоғамдық көлік қолжетімсіз болуы мүмкін. Осы себепті Нью-Йоркте тауарды тек түнгі уақытта жеткізетін қызмет түрі енгізілген. 

 Диана Қадыр, Гүлназ Ұзақ