Отандық туризмді қалай дамытамыз?

  • 245
  • 05.02.2026, 21:56

Туризм және спорт министрлігі биылға арналған мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесін бекітті. Осылайша Мемлекет басшысының Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы тапсырмаларын жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бастама ішкі туризмді дамытып, туристік бағыттарды кеңейтуге және өңірлік брендтерді насихаттауға мүмкіндік береді.  

2025 жылы елімізде күллі әлем көзін тіккен оқиғалар көп болып, туризмнің де тамырына қан жүгіргендей. Мәселен, былтыр қазақ жеріне 10 миллионға жуық шетелдік турист келген. Туризмнің гүлденуі тұрмыстың да түрленуіне тікелей себеп. Сондықтан биыл да шетелдіктерді құшақ жая қарсы алу үшін бірқатар жоба қолға алынды.

2026 жылы еліміздің 20 өңірінде туристік бағыттарды арттыруға арналған 55 іс-шара өткізіледі. Оның ішінде өңірлік брендтерді дамытуға бағытталған Шығыс салбурыны мен Маңғыстау жеріндегі Ақмая сынды ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Шекара асып келген шетелдіктер үшін қызмет сапасын жақсарту басты назарда.

Жайнагүл Қаппасова, Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі:

- Қонақүйлерді классификациялау жобасы енгізілді. Қазіргі күнде Мәжілісте қарастырылуда бұл заң жобасы. Аталмыш заң жобасы аясында сервистің едәуір жоғарылайтынын болжап отырмыз. Яғни туристердің қанағаттану деңгейі жоғарылайды. Жалпы айтқанда жұлдызды қонақүйлер көбеюі мүмкін.

Нұрсұлтан Махамбетәлі 5 жылдан бері туризм саласында еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары бірқатар  демалыс орны инфрақұрылымның игілігін көре бастаған. Алайда толықтыратын тұстары да жоқ емес дейді.

Махамбетәлі Нұрсұлтан, туризм сарапшысы:

-Осыдан бес жыл бұрын мен бастаған кезбен салыстырсақ шүкір инфрақұрылым жақсарды. Көп жерде әжетханалар бар, көп жерде сервис бар. Енді бізді басты қынжылтатын ол интернеттің жоқтығы, кейбір локацияларға жолдың жоқтығы. Ұлытау облысына жолдың жоқтығы, Қайыңдыға баратын жолдың дұрыс еместігі.

Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Түркістан» газетіне берген сұқбатында тілге тиек етті. Мемлекет басшысы елдегі туристік инфрақұрылымды әртараптандырып, оның ішінде Алматы тау кластерін дамыту керектігін атап өтті. Енді биылдан бастап Бурабай және Маңғыстау курорттық аймақтары мен Алматы тау кластерінде инфрақұрылымды ілгерілету қолға алынады. Аталған сұхбатта мемлекет басшысы саладағы маман тапшылығы да кезек күттірмес мәселе екенін айтты.

Жайнагүл Қаппасова, Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі:

-Президентіміздің тапсырмасы аясында Түркістанда меймандостық университеті ашылған болатын. Университетте қазір студенттер дуальды режимде оқытылуда. Бұл студенттер 60 пайыз тәжірибе негізінде оқытылса, 40 пайызы теория негізінде оқытылады. 2030 жылға қарай бұл тапшылық жойылады деген мақсат бар.

Өткен жылы туризмді дамытуға 900 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылды. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай туризм ЖІӨ-нің 8 пайызын құрап, 800 мыңнан астам жұмыс орны ашылуы тиіс.

Бағлан Тұрғанбек, Азамат Саметов, Мейрамбек Қайыркелді