Қазақстанда фильмдер прокатқа дейін сараптаудан өтеді. Атап айтқанда алдымен тиісті заңға сәйкестігі қаралмақ. Бұдан өзге, шетелдік шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың қатысуымен өтетін бұқаралық іс-шаралардың алдын ала келісу тәртібі айқындалады.
Бұл туралы Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарау барысында айтылды. Құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Бұл креативті индустрияларды экономиканың маңызды секторы ретінде қалыптастыруға, сондай-ақ жастарды шығармашылық қызметке тартуға септігін тигізбек. Бұған дейін әр өңірде орталықтар ашылған. Енді 2029 жылға қарай саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2 пайызға, экспорт көлемін 115 млн АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қаралған заң еліміздегі креативті индустрия саласын реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда саланы қолдауға бағытталған бірқатар жаңа тетіктер енгізіліп отыр. Сонымен қатар өкілетті органның құзыреттері нақтыланып, қосымша міндеттер жүктеледі. Жалпы заң еліміздің креативті экономика секторының одан әрі дамуына тың серпін береді деп сенеміз.