Қоғам талқысына түскен жаңа Конституция жобасындағы негізгі бағыттарының бірі – елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау. Ол Ата Заңның 4 бірдей бабында жазылған.
Бұл туралы Мәжіліс депутаттары мен Алматының Қоғамдық кеңес мүшелерінің кездесуінде айтылды. Жиында демократиялық институттарды одан әрі дамыту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселесі де талқыланды. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы кері байланысты арттырудағы Халық Кеңесінің мақсат-мүддесі де сөз болды. Қазақстанның Халық Кеңесі елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Кеңес құрамын 126 адамнан қалыптастыру ұсынылды.
Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Негізгі сипаты – ең бірінші кезекте еліміздің тұтастығын сақтау, Тәуелсіздікті нығайту, қамту төңірегінде. Конституицияның ішінде төрт бірдей бапта біздің тәуелсіздікке қатысты, тұтастыққа қатысты, елдің бірлігіне қатысты сондай талаптар жазылған. Осы төңірегінде әңгіме болды.
Қайыржан Әбдіхалықов, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі:
- Барлығымыз да азаматтық қоғам өкілдеріміз. Егер арамыздан біреу Халық кеңесіне өтетін болса, ол маңызды қадам болмақ. Меніңше, Халық Кеңесінде заң беруші нормасы болады. Сондықтан халық пен азаматтық қоғам үшін Қоғамдық кеңес мүшелерінің сол құрамда болуы өте маңызды деп ойлаймын.