Некеге және отбасына қатысты нормалардың Конституцияға енгізілуі – тарихи қадам. Бұл мәжбүрлі және діни некелердің заң алдындағы күшінің жоқ екенін нақты көрсетеді. Қоғамдық даму институтының сарапшылары осындай пікірде. Олардың сөзінше, Ата Заңдағы толықтыру – неке әйел мен еркектің заңға сәйкес тіркелген, ерікті және тең құқықты одағы екенін айқындайды. Әрі қазақстандықтар арасында да кең қолдау табады.
2023 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 68 пайызы қыз алып қашу дәстүріне қарсылық білдірген. Сондай-ақ сұралғандардың 77 пайызы: «некенің берекелі болуы – оның ерікті болуына байланысты», - деп жауап берген.
Аяулым Сағынбаева, демограф:
- Ол бірінші кезекте әйелдердің, балалардың, әкелердің құқықтарының қорғалуының бірден бір айқын белгісінің бірі. Өйткені қазіргі таңда отбасы институына қатысты өзгерістерді айтып жатамыз. Діни некелердің көбейіп кетуі, тағы-тағы сияқтысын. Соның барлығына нүкте қоятын кезең – осы Конституцияның отбасына қатысты айтылған жаңа баптың пайда болуы.