«Қайнар-АКБ» жылына 3 млн-нан астам аккумулятор шығарады

  • 175
  • 06.02.2026, 21:37

«Қайнар» аккумулятор зауыты былтырғы жылды табысты аяқтады. Тұрақты даму, жоғары сапа стандарттары және әлеуметтік жауапкершілік үшін 2025 жылдың желтоқсан айында «Парыз» сыйлығымен марапатталды. Бүгінде зауыт миллиондаған аккумулятор шығарумен қатар, пайдаланылған аккумуляторларды қайта кәдеге жаратуды жолға қойған. Осылайша, еліміздің өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін нығайтуды жалғастыруда. 

Жеңіл және жүк көліктері, тепловоздар, ауылшаруашылық машиналарына арналған аккумуляторлар мұның бәрі қазір өзімізде, «Қайнар» зауытында шығарылады. Компания сонымен қатар мұнай-газ саласының сұранысын орындаушылардың бірі. Мекеме ұжымы жылына 3 млннан астам аккумулятор шығарады. Оның 60 пайыздан астамы шетелге сатылуда. Бұл еліміздің өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін нығайтады.

Талғат Қонақбаев, «Қайнар-АКБ» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Бүгінгі таңда біздің зауытымыз заманауи технология және құралдармен жабдықталған. Мекемемізде 1200 артық жұмыс орны бар. Кәсіпорын заманауи құралдармен жабдықталған. Бүгінгі таңда қырықтан астам аккумулятор түрлері шығарылады. ТМД елдеріне және де оннан астам алыс-жақын шетелге өніміміз шығарылады.
 

Зауытта аккумулятор бөліктерін өндіруден дайын өнімді құрастыруға дейінгі цикл жолға қойылған. Мамандар бұл сапаны сақтай отырып, шығынды азайтады дейді. Ал 2025 жылдың желтоқсан айында «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауыты индустриялық дамуға қосқан үлесі және жауапты бизнес ретінде ұлттық «Парыз» сыйлығына ие болды.  

Талғат Қонақбаев, «Қайнар-АКБ» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын номинациясының алтын жүлдегері атындық. Бұған біз қуаныштымыз. Өнім сапасы Еуропалық және дүниежүзілік аккумулятор шығару өндірістеріне сайма-сай келеді.
 

«Қайнар-АКБ» аккумуляторларды өндірумен қатар, пайдалану мерзімі аяқталған қуаттағыштарды қабылдайды. Кейін қорғасын мен пластикті бөліп, қайта өңдейді. Осылайша ескі аккумуляторлардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайтуда. 

Ердәулет Ыбырайұлы