Жаңа Конституцияның жобасы адамға бағытталған құжат ретінде ұсынылып отыр. Басты заңның алғашқы бабында адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғарғы құндылық ретінде айқындалған. Бұл Конституцияның рухы мен мазмұнының түбегейлі өзгергенін көрсетеді.
Мәжіліс депутаттары мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары екінші рет бас қосып, құжатты талқылады. Заңгерлер бірпалаталы парламенттің унитарлық мемлекеттер үшін тиімді екенін атап өтті. Мұндай жүйе заң шығару процесін жеделдетеді. Сондай-ақ депутаттар ерекше режимге қатысты түсініктеме берді.
Үнзила Шапақ, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ерекше режимге келетін болсақ, бұл бұрын да қолданыстағы конституцияның ішінде бар. Қаржы сипаттағы ерекше мәртебе, халықаралық қаржы орталығына берілген болатын. Бұл бүгінге дейін қолданылып келе жатқан норма.
Уәлихан Ахатов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Заң факультетінің деканы:
- Әсіресе мына унитарлық мемлекеттерде бірпалаталы парламент өзінің өміршеңдігін, маңыздылығын және халық алдындағы жауаптылығын көрсетіп отыр. Осы орайда бүкіл бірпалаталы парламенттің маңыздылығы бұл заң шығару үрдісін тездетуге алып келеді. Екіншіден, заң шығару сапасына алып келеді.