Қызылордада «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен Конституциялық реформаны талқылауға арналған жиын өтті. Басқосуға партияның облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, партия белсенділері қатысты. Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен мазмұны таныстырылып, пікір алмасты. Жиында Конституциялық реформаның уақыт талабынан туындаған маңызды қадам екені айтылды. Құжаттағы «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» тұжырымдамалары сөз болды. Сондай-ақ Парламент құрылымына қатысты ұсыныстар талқыланды.
Қуаныш Сейтжанов, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:
- Астана қаласында орталық саяси кеңес, партия төрағасының бастауымен кеңейтілген саяси кеңес отырысы өткізілді. Сол саяси кеңес отырысында қазіргі ұсынылған жаңа Конституция жобасы толықтай талқыланды. Сол шешімдердің негізгі бағыттары өңірлердегі біздің партия белсенділеріне, депутаттарымызға және өңірлердегі активке таныстырылуда. Бүгінгі негізгі бас қосуымыздың мақсаты осы.
«Ауыл жастары» семинары өтті
Қостанайда ауыл жастарына арналған республикалық семинар өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық делегат қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында атқарылатын іс-шаралар жайы сөз болды.
Сала мамандары жастарға сандық сауаттылықтың маңызын түсіндіріп, тәжірибе бөлісті. Сондай-ақ семинарға қатысушылар Ата Заң жобасы туралы пікір алмасты. Жастар елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаға қолдау білдірді.
Ғалымжан Құсманғали «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:
- Конституциялық реформа болсын, Мемлекет басшысының жариялаған цифрландыруы да, ЖИ жылы да, бұл барлығы жастарға істеліп жатыр. Мұның ертең пайдасын көретін – жастар. Сондықтан жастарға осының маңыздылығын, Конституциялық реформаның да маңыздылығын түсіндіру және дағдыларды үйрету – бұл шараның негізгі мақсаты.