Әділ қоғам Конституциядан басталады

  • 299
  • 10.02.2026, 21:39

Елдігіміздің негізгі құжаты Конституцияны қайта жазу – уақыт талабы. Бұл туралы Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бас құжаттың мемлекеттік тілде жазылуы – аса маңызды.

Конституция – халық пен билік арасындағы негізгі келісім. Халық заңды сақтауға міндет алса, мемлекет азаматтардың құқығын қорғауға жауапты. Ата Заң ең алдымен ар-намысымызды, меншігімізді қорғайтын құқықтық қалқан. Сонымен қатар ол білім алуға, емделуге, еңбек етуге, кәсіппен айналысуға мүмкіндік беретін әлеуметтік лифт. Ал заң алдында бәрі тең деген қағиданы бекіту арқылы әділ қоғамның ортақ стандартын қалыптастырады. «Сондықтан негізгі құжатты редакциялау – уақыт талабы», - дейді Жақып Асанов.

Жақып Асанов, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі:

- Біз біртұтас ел екеніміз, унитарлы мемлекет екеніміз, жеріміздің бөлінбейтіні,  шекарамыздың мызғымайтыны Конституцияда тайға таңба басқандай күмәнсіз жазылуы – стратегиялық қажеттілік. Бұл жай декларация емес, бұл қауіпсіздігіміздің өзегі, егемендігіміздің тірегі, баршамызды ұйыстыратын ортақ ұстаным.

Заңгердің айтуынша, бүгінде азаматтардың мемлекетке қоятын талабы күшейді. Билік бұрыңғыдай басқарушы емес, қоғам алдында есеп беретін жауапты институтқа айналуы тиіс. Осы орайда тағы бір маңызды мәселе – Конституцияның тілі. Бұған дейін бас құжат алдымен өзге тілде жазылып, кейін мемлекеттік тілге аударылғандықтан, кей тұстары күрделі әрі түсініксіз болған.

Жақып Асанов,ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі:

- Жаңа жобаның ерекшелігі – ол тарихта алғаш рет, бастан-аяқ мемлекеттік тілде жазылған төлқұжат. Аударма емес. Әр сөзі орнықты, мағынасы анық, заң анық болса, әділдік те нақты болады.  Қазақта «Тіл түзелсе, төр түзеледі»  деген сөз бар.

Сарапшылардың пікірінше, Конституция – дәуірдің тілі, қоғамның айнасы. Әсіресе құқық қорғау және сот саласы үшін заң нормаларының түсінікті, екіұдай мағынасыз, нақты жазылуы аса маңызды. Өйткені әділ қоғам әділ әрі түсінікті заңнан басталады.

Алуа Маханбет