Елімізде 1 мамырға дейін 2026-2029 жылдарға арналған Халық табысын арттыру бағдарламасы қабылданбақ.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген міндеттерін іске асыру мәселелері бойынша ұйымдастырылған кеңесте айтты. Сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляцияны 9-11 пайызға төмендету жоспары әзірленеді. Бизнесті қолдау тетіктері EGov Business платформасында «бір терезе» қағидаты бойынша жетілдірілмек. Ал «Самұрық-Қазына» қоры алдағы бес жылда шетелден 27 млрд доллардан астам тікелей инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар биыл транзит көлемін 55 млн тоннаға жеткізу, бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау және 33 өткізу пунктін жаңғырту міндеті тұр. Үкімет басшысы барлық тапсырма халық пен бизнеске нақты нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті.