Шымкентте егіздер мен үшемдер көбейді

  • 183
  • 11.02.2026, 21:40

Шымкентте жыл басынан бері 25 егіз дүниеге келген. Екі әйел үшем босанған. «Қалада егіздер мен үшемдер көбейді», - дейді мамандар.

Таяуда ғана үшемнің анасы атанған Ақшолпан Сүлейменова перинаталдық орталықтан үйіне шықты. Нәрестелерге Дәулет, Димаш, Диана деген есім берді. Әрқайсысының салмағы екі келіден сәл ғана асады. Ақшолпан бұған дейін 4 баланы дүниеге әкелген. Енді отбасы: «7 баланы тәрбиелейтін болдық», - деп қуанып отыр. Жалпы қалада жыл басынан бері 2794 нәресте дүниеге келген. 

Ақшолпан Сүлейменова, қала тұрғыны: 

- Бірінші УЗИ-де бізге егіздер деп айтты. Сол кезде сенбедім, өйткені бізде жалпы тұқымымызда жоқ. Сөйтіп кішкене күтейін деп ойладым. Сөйтіп 12 аптасында генетикке тапсырып, сол жерде үшем екенін білдік. Бірінші айтқан кезде «Мен оларға қалай қараймын?», - деп жылап қалдым. Кейіннен қабылдадым, жолдасыма айттым. Бәріміз қуанышты болдық.

Гүлбану Сыздықова, қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері: 

- Қалалық мәслихаттың шешімімен жергілікті бюджеттен жылдан-жылға жақсы-жақсы медициналық техника алынуда. Биылға біз неонаталды қызметті көтеру бағытында «наркозно-дыхательный» аппарат дейміз, «монооксид азота» дейміз, тағы да Т-система деген біраз медициналық техника алынды және де бізде неонаталды хирургия екі жылдан бері жұмыс жасауда. Қарқынды түрде 86 операция жасалынды.