Оралда инклюзивті білім беретін маман тапшы

  • 159
  • 11.02.2026, 21:46

Батыс Қазақстан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны жыл сайын артып барады. Ал олармен жұмыс істейтін білікті мамандар аз. Әсіресе логопедтер мен дефектологтар жетіспейді. Осыған байланысты келешекте жергілікті жоғары оқу орындары инклюзивті педагогтарды даярлауды қолға алмақшы.

Оралдың орталығындағы №43 мектепте 400-дей бала білім алады. Олардың 4-і логопедтің жәрдеміне зәру. Оларға арнайы кабинет те жабдықталған. Алайда маман табылмапты. 

Салтанат Ақшолақова, №43 мектеп директорының орынбасары:

- Дефектолог мамандығына штат жоқ болғанымен, логопед мамандығына 8 рет конкурс жариялаған болатынбыз. Бірақ та конкурсқа ешбір мұғалім қатысқан жоқ. Сол себепті қазіргі таңда логопед маман келесі мектептің мамандарын шақыртуды жөн көріп отырмыз. 

Мінез-құлқында бұзылыс бар немесе дамуы тежелген балдырғандар қатары көбейіп барады. Мәселен, Деркөл кентіндегі №51 мектепте былтыр осындай 11 бала болса, биыл 26 бала инклюзивті білімді қажет етеді. 

Жақсығали Жұмабай № 51 мектеп директоры: 

- Мектепте 2 психолог, 2 дефектолон, 1 әлеуметтік педагог және логопед жұмыс істейді. Жалпы біздің «Келешек мектептерінде» инклюзивті білімге арналған орта жақсы ұйымдастырылған. Басқа мектептерден айырмасын қарасақ, бізде сенсорлы бөлмелер бар, гиперактивті оқушыларға және инклюзивті білім алушыларға арнайы сыныбымыз бар. 

Батыс Қазақстан облысында бүгінде 7,5 мың бала ерекше білім беруді қажет етеді. Оның 75% жалпыға бірдей білім беретін мектептерде оқиды. Сол себепті көптеген балабақшалар мен білім ордаларында инклюзияға жағдай жасалған. Түзету кабинеттері жұмыс істейді, дәрігерлік-психологиялық кеңес беріледі. Аутизмге шалдыққан балаларға ресурстық орталық ашылыпты. Қажетті инфрақұрылым толық қалыптасқан. Алайда арнайы білімі бар педагогтар аздық етуде. 

Шынар Бауетдинова, БҚО Білім басқармасының бас маманы:

- Бізде ПМПК ұсынысы бойынша жалпы білім беретін мектептерде мінез-құлқында бұзылыстары бар балаларды ортаға уақытылы бейімдеу үшін 458 педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі 10 немесе одан да көп бала оқитын жалпы білім беретін мектептерде 314 дефектолог, 308 логопед енгізілді. Балаларды жалпы білім беретін ортасына  толық және жан-жақты бейімдеу үшін жалпы орта білім беретін мектептерде арнайы кадрлармен қамту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Ерекше балалармен жұмыс жасайтын маман тапшылығын жоюды жергілікті университет қолға алмақшы. Мұнда «Монтессори, «Қолдау» және сенсорлы интеграция кабинеттері ашылыпты. «Арнайы педагогика» бағдарламасын енгізу жоспарда. 

Гүлжан Ерғалиева, факультет деканы:

- Осы өңір сұранысына орай біз дайындалып жатырмыз. Биыл ғана емес, екі-үш жыл болды дайындалып жатқанымызға. Бірінші кадр мамандар дайындап жатырмыз. Осы құрал-жабдықтармен жабдықталған бірнеше аудиторияны ашу мақсатымыз болып табылады және алдағы уақытта арнайы педегог-мамандар дайындау басым бағыттардың бірі. 

Жыл сайын жергілікті университеттен 300-ге жуық жас маман диплом алып шығады. Олардың қатарына енді ерекше балалармен жұмыс жасауға дағдыланған педагогтар да қосылмақшы. 

Е. Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов