Елде мемлекеттік рәміздерді қолданудың бірыңғай тәртібі енгізіледі

  • 185
  • 12.02.2026, 21:46

Тиісті нұсқаулық әзірленбек. Енді рәміздерімізді қадірлейтін азаматтарға қолдау көрсетіліп, көк Туымыз бен Елтаңба және Әнұранымызға қатысты заң талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Мадияр Шашубайдың жұмыс орнында көк туымыз бірнеше жерде тұр. Ең үлкенін қабырғаға іліп қойған. Еріктілер ұйымында қызмет ететін ол, қазір алматылық жастардың туға деген құрметі жоғары дейді.  

Мадияр Шашубай, қалалық Волонтёрлар фронт-кеңсесінің менеджері:

- Бізде, мемлекеттік туымыз негізі кабинетімізде адалдық пен жауапкершіліктің көзі ретінде ілініп тұр. Ол біздің жұмыс барысында, жұмысымызды тек өзіміз үшін емес, жалпы, ортаға келер көмек көрсетіп отқанымыз үшін мотивация береді. Туымыз негізі офисте ғана емес, үйімде де ілініп тұр және киімдерімде де бар тудың кішкентай белгішесі. Ол менің деген еліме потриоттық сезімнің белгісі деп ойлаймын  

Мемлекеттік рәміздер соның ішінде туға қатысты тәртіп бары белгілі. Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір қоғамда «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және мәдени іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді».   

Енді рәміздерді қолданудың нұсқаулығы әзірленбек. Ал Туды, Елтаңбаны және Әнұранды пайдалану ережесі елімізде Үкімет қаулысымен бекітілген. Геральдикалық зерттеулер орталығының бас маманы Сұлтан Оразаевтың айтуынша туымызға құрмет көрсету -парыз. Оны үйде де, балконда да ілуге болады. Бірақ көлікке орнатқанда өзгелерге кедергі келтірмеуін бақылау қажет. Әрі тудың өзіндік стандарты барын ұмытпау қажет.

Сұлтан Оразаев, геральдикалық зерттеулер орталығының бас маманы:

- Бұл тудың түсіне, өлшеміне байланысты. Себебі әр мемлекетте өзінің өлшем-бірліктері бар және соған пайланысты тәртіптері бар. Бізде мысалы, арақатынасы 1-2 болу керек қатаң түрде. Көбі, қазіргі таңда сақтамайды. Себебі Ту деген қазіргі кезде азаматтарымыз маркетплейстерден алғаннан кейін ол мысалы, Қытайдың, Ресейдің немесе Американың Туының стандарттарына сай келіп қалуы мүмкін. Осыны ескерген жөн және түсіне де байланысты.

Бүгінде мелекеттік рәміздерге қатысты заңдылықтың сақталуын қадағалау шаралары қолға алынған.  Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбаев