Еліміздегі 5,5 миллион архив құжаты цифрлық форматқа көшірілді. Жоба «Ұлттық цифрлық мұра» қоры аясында жүзеге асырылып жатыр. Құрылтайда Мемлекет басшысы халықтың тарихи жады мен ғылым-білімін жүйелейтін қорды құру бастамасын қолдайтынын айтты. Енді ел үшін құнды деректер қалай сақталады?
«Ұлттық цифрлық мұра» жобасы – ұлттың өткені мен бүгінін сабақтастыратын стратегиялық бастама. Жаңа жүйеде e-Архив, e-Кітапхана, e-Culture, e-Museum секілді қолданыстағы жүйелер, сондай-ақ мемлекеттік, ғылыми және білім беру ұйымдарының дерекқорлары біріктіріледі. Бүгінде Ұлттық архив қорының 2 миллион 600 мыңнан астам құжаты цифрлық форматқа көшірілді. e-Museum жүйесінде 285 музей жөніндегі мәлімет жинақталған. Ал «Qazaq Culture» платформасы 8 тілде қызмет көрсетіп, ұлттық мәдениетті жаһандық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беріп отыр.
Ыбрайым Бабаев, ҚР МАМ Ұлттық архив қорын пайдалану және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы:
-Қазіргі таңда біз e-Архив бағдарламасына аса құнды құжаттарды цифрландырып енгізіп жатырмыз. Кез келген адамға ол әрине қолжетімді. Дегенмен халықаралық және отандық стандарттар шеңберінде құжаттардың барлығын пайдалануға құқықтық ретінде ғана пайдалана алады. Кез келген адам көшірмесін ала алмайды. Оларды бақылау, жүйелеу министрліктің үлесіне енгізілген.
Жоба шеңберінде мерзімді басылымдарды электронды нұсқаға көшіру ісі де жүйелі жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінгі «Egemen Qazaqstan» басылымының 100 жылдық мұрасы цифрлық форматқа көшірілді. Алдағы уақытта архив дербес интернет ресурс ретінде қолжетімді болмақ.
Қамбар Ахмет, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары:
-Біздің «Egemen Qazaqstan» газетінде биылдан бастап баспа редакциялық жүйе енгізіліп жатыр. Осы бағытта цифрландыру мәселесін қолға алдық. Қазіргі таңда жұмыстар 90 пайызға аяқталған. Күнделікті газет жарық көрген күні оның PDF нұсқасы сайтқа жүктеледі.
Сарапшылардың айтуынша, деректердің қауіпсіздігі мен түпнұсқасы ерекше бақылауда болуы тиіс. Сандық қор - тек сканерленген беттер жиынтығы емес, ақпараттың өзгермегенін растайтын заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген сенімді дереккөзге айналуы қажет.
Данабек Қалиаждаров , Codiplay компаниясының бас директоры:
-Архив материалдардын жинақтап, цифрлық қор құрудағы басты мақсатымыз - қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өйткені қазір жасанды интеллект саласында түрлі ойыншылар көбейді. Бұл модельдердің барлығы белгілі бір деректер негізінде оқытылуы керек және ол цифрлық форматта болуы тиіс.
Бұл халықаралық тәжірибеде орныққан бағыт. АҚШ-та Chronicling America жобасы арқылы 20 миллионнан астам газет цифрлық жүйеге көшіріліп, мыңдаған басылым ортақ ұлттық платформаға топтастырылған. Ал Франция мен Германияда өңірлік баспасөз қоры мен архив ісі цифрландырылған. Ел үшін құнды ақпараттық мұра жаңа форматта сақталады.
Диана Қадыр, Кайрат Кальянбеков