Павлодарлық әртістер Монте-Карлода күміс жүлде алды

  • 172
  • 12.02.2026, 19:53

Павлодарда цирк болмаса да, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген дарынды өнерпаздар бар. Таяуда Монте-Карлода өткен халықаралық фестивальде Котенёвтар әулеті күміс жүлдені қанжығасына байлап, ел мерейін асқақтатты. Көрерменді тәнті етіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған павлодарлық әртістер Илья мен Регина Котенёвтар әлемнің ең беделді цирк ареналарында өнер көрсетіп жүр.

Илья цирк өнеріне 18 жыл бұрын қадам басқан. Оның шығармашылық жолы әйгілі Cirque du Soleil сахнасынан бастау алыпты. Бір жыл бұрын ол жұбайы Регинамен бірге дуэт құрып, жаңа белеске көтерілді. Өнерлі жұптың қойылымдары Еуропа көрерменінің ыстық ықыласына бөленді. Ал Монте-Карлода өткен халықаралық фестиваль бұл отбасы үшін тарихи оқиғаға айналды.

Илья Котенёв, цирк әртісі:

- Үш мыңнан астам көрерменнің алдына күн сайын шығып отырдық. Өнерімізге тәнті болған дүйім жұрт тік тұрып, қошемет көрсетті. Қойылымнан кейін цирк әртістері, тіпті бұл салаға қатысы жоқ жандар да қаумалап, ыстық ықыластарын білдірді. Өнерде шекара жоқ деген осы болар. Біздің өнерімізге  әлемнің түрлі тілінде тілек айтып, көздеріне жас алғандар болды.

Әртістер күміс жүлдемен қатар көрермен көзайымы арнайы сыйлығына ие болды. Бұл мінсіз шеберлік пен көрерменнің шынайы қолдауы арқылы  қол жеткен жетістік болса керек.

Регина Котенёва, цирк әртісі:

-Трюктерді дайындау, әрине, оңай болған жоқ. Бірақ бала кезден басталған үздіксіз жаттығу мен шынығу бізге көп көмегін тигізді. Идеясына хореограф қолдау көрсетті. Біз Франциядан хореограф жалдап, қойылымды онлайн форматта бірге дайындадық. Мен спорттық жолымда әлем және Азия чемпионатына  қатысқанмын. Бірақ осы сахнада алған әсерімді ешбірімен салыстыра алмаймын. Мұндай толқуды бұрын-соңды бастан өткермеппін.

Котенёвтар отбасы үшін спорт күнделікті өмір салтына айналған. Үлкен ұлдары Тагир дзюдоны таңдапты. Ал екі қызы ата-анасының жолын қуған. Монте-Карлода өткен фестивальде сегіз жастағы Зара ең жас қатысушы ретінде арнайы кубокпен марапатталды.

Цирк өнерін дамытуға үлес қосып келе жатқан Монако ханшайымы, Стефания Котенёвтар отбасын таңғажайып династия деп атаған. Мұның артында қажырлы еңбек пен өнерге деген шексіз сүйіспеншілік тұрғаны анық.

Қарлығаш Қасиетова, Даулет Қошқарбаев, Марат Игіліков