Ата заң жобасындағы қандай өзгерістер елді елең еткізді? 

  • 307
  • 13.02.2026, 21:35

Жаңа Конституция жобасында тұңғыш рет мыңжылдық тарихымыз басты құндылық ретінде танылды. Құжатта егемендік пен тәуелсіздік, аумақтық тұтастық пен мемлекеттік шекараның мызғымастығы айқын жазылған. Сондай-ақ алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы енгізілді. «Бұл интернет желісі арқылы әрекет ететін алаяқтармен күресуге сеп болады», - дейді астаналықтар. 

Сонымен қатар олар білім, ғылым, мәдениет, инновацияның Конституцияда көрініс табуы – ел дамуын айқындайтын маңызды бағыт санайды. 11 бөлім, 96 баптан тұратын Ата заң жобасындағы тағы қандай өзгерістер елді елең еткізді? 

Блиц-сауалнама:

- Біздің ата-бабамыздан ақ білектің күшімен қорғап қалған жерің – біздің ұрпаққа аманат. Тарих жас ұрпаққа керек. Осы Конституцияның бір бөлігі болып жазылғаны дұрыс. Қолдаймын.

- Тіл болмаса, ел болмайды. Ана тіліміз бірінші жүруі керек. Содан кейін қалған тілдерді де үйрене береміз ғой. Мен екі қолмен қосылам бұған.

- Конституцияны қолдаймын. Жастардың білімді, ғылымға бет бұрып, жаңалықтар ашып, еліміздің атын шығарып жүргенін құптаймын.

- Әр адамның өзінің қауіпсіздігі үшін «жеке кабинет» деген болуы керек қой. Сол жабық түрде болу керек. Өйткені мысалы, банктерге қарасаң, оларда бүкіл деректер бар. Соны алаяқтар қолданып, адамдарды алдап, ақшаларын шешіп алып жатыр.