Түркістан облысында коалицияның жұмыс жоспары талқыланды

  • 308
  • 13.02.2026, 21:40

Түркістан облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы құрылды. Оның құрамына 5 партия филиалдарының өкілдері, кәсіби заңгерлер мен мәслихат депутаттары, ғылыми орта және шығармашылық адамдары мен сарапшы мамандар тартылды. Құрамына енген 457 адам барлық аудан, қалаларда халықпен 2 мыңға жуық кездесу өткізіп, Конституциялық реформалар аясындағы жаңа құқықтық нормаларды түсіндіретін болады.

Өңірлік коалицияның алғашқы отырысына қатысушылар еліміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындау – жаңа құжаттың стратегиялық мәні екенін атап өтті.

Қалыйма Жантөреева, өңірлік коалиция төрағасының орынбасары:  

- Адам бостандықтары мен құқықтарына бұл Конституция мүлтіксіз кепілдік береді. Бұл халыққа өте жағымды, жанына жақын мәселе. Өйткені халық әр кезде билікпен кері байланысты қалайды. Халық кеңесінің де салмағы осы халықпен жақындықта жатыр.

Коалицияның жұмыс жоспары талқыланды 

Жетісу облысында да жаңа Конституцияны қолдайтын коалиция құрылды. 300-ден аса адамнан тұратын бірлестік Талдықорғанда бас қосып, жұмыс жоспарын талқылады. Сонымен қатар Ата заңға енгізілген өзгерістер туралы өткізілген сабаққа қатысып, мағлұмат алды. Енді олар ауылдар мен аудан-қалалардағы еңбек ұжымдарымен, қарапайым тұрғындармен кездесіп, басты мемлекеттік құжаттың жобасын түсіндіріп, кеңінен насихаттайды. Мұндай коалиция еліміздің 10 өңірінде құрылғанын еске саламыз.