Ұлытау облысында су басу қаупі бар 27 елді мекен анықталды

  • 468
  • 13.02.2026, 21:56

Ол жерлерде үш мыңға жуық адам тұрады. Қазір аймақта көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді. Арнайы штаб құрылған. 

Төтеншеліктер жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, арық-атыздарды тазалап, инертті материалдар мен техникалық құралдардың қорын жасақтап қойған. Аталған елді мекендерден 52 мың текше метр қар шығарылды. Жалпы өңірде биыл қардың көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда, анағұрлым аз. Ал жердегі тоңның қалыңдығы шамамен 1 метрге жуық.

Шыңғыс Сәмиев, ТЖД бастығының орынбасары:

- Синоптиктердің болжамы бойынша өңірде наурыздың соңына дейін күннің күрт жылынуы болмайды. Қар күндіз еріп, түнде қатады. Әрине, бұл босаңсуға негіз емес. Сондықтан тасқынға қарсы жұмыстар ретімен орындалады. Қазір өңірдегі ең үлкен Кеңгір су қоймасында 267 млн текше метр су бар. Оның сыйымдылығы 319 млн текше метр. Қар еріген кезде шамамен 50-60 млн текше метр су келеді деп болжап отырмыз.