Алматыдағы «Жас Отау» неке сарайы үш жылдан бері бос тұр. Ғимарат тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. 2023 жылы талапты орындамаған соң нысанды сенімгерлік басқаруға алған компаниямен келісімшарт бұзылады. Былтыр қала әкімдігі қайта тендер өткізеді. Жаңа компания анықталып, жөндеу жұмыстары басталып та кеткен. Бірақ белгіленген уақыттан кешеуілдеп жатыр. Бұған не себеп?
Абай даңғылындағы «Жас отау» неке сарайы 50 жылда бірнеше ұрпақтың махаббатына куә болды. Талай жас осы тарихи ғимаратта шаңырақ көтеріп, неке жүзігін таққан еді. Алайда неке сарайы 2023 жылдан бері жабық. Тозған ғимаратты қалпына келтіру үшін 1,3 млрд теңгеден аса қаражат қажет екен. Нысанды сенімгерлік басқаруға алған жекеменшік компания бұл міндеттемені өз мойнына алған. Қалпына келтіруге 1 жыл уақыт беріпті. Алайда құжаттарды жинау, жобалау сынды жұмыстарға жарты жыл кеткен. Сондықтан құрылыс мерзімін тағы жарты жылға созуын сұрап отыр екен.
Надежда Деннер, жауапты компания жетекшісі:
- Тарихи ғимаратты қалпына келтіру талаптары қатаң, құжаттарды рәсімдеуге көп уақыт кетті. Сондықтан жөндеу жұмыстары уақытынан кешікті. Енді мемлекеттік мекеме: «Рұқсат берсе, желтоқсанға дейін аяқтаймыз», - деп отырмыз. Содан кейін сенімгерлік басқару мерзімін 10 жылдан 15 жылға дейін созып беруді сұрап жатырмыз.
Тендер шартына сәйкес, ғимарат қалпына келтірілген соң тек неке сарайы ретінде ғана жұмыс істейді. Үйлену тойын ұйымдастырып, неке куәлігін табыстайды. Бекітілген жоба аясында ғимараттың шатыры мен күмбезі жаңадан жабылады. Инженерлік желі толығымен ауысады. Тарихи-мәдени ғимараттың өзге құрылыс жұмыстары комиссия бекіткен жоба бойынша ғана жаңартылады.
Дәурен Халықов, қалалық Мемлекеттік активтер басқармасы басшысының орынбасары:
- Ғимараттың сәулеттік келбетін сақтай отырып, қасбетті қалпына келтіру, терезелер мен витраждарды ауыстыру, сонымен қатар іргелес жатқан аумақты абаттандырып, суару жүйесін орнату көзделген болатын. Талаптар бұзылған жағдайда басқарма заңнамаға сәйкес шаралар қабылдайтын болады.
«Жас Отау» неке сарайы 1971 жылы сәулетші Малбағар Меңдіқұловтың жобасы бойынша салынған. Қос сақинадан құралған ғимарат пішіні киіз үйді меңзейді. Ал есік алдындағы жас жұбайлардың мозаикасы отбасылық өмірді білдіреді. Жарты ғасыр бойы жастарды табыстырған нысанның жаңа кезеңі жыл соңында басталады.
Аршын Кемелжан, Эдуард Кон