ІІМ: Биыл қаңтарда буллинг бойынша 48 жағдай тіркелді

  • 260
  • 17.02.2026, 21:37

2025 жылы буллинг бойынша 434 құқықбұзушылық тіркелсе, биылғы қаңтар айының өзінде 48 жағдай есепке алынған. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті мәлімдеді.

Брифингте мамандар балалар арасындағы әлімжеттіктің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл ретте 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының маңызы зор. Аталған құжат балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды біріктіреді.

Сондай-ақ құзырлы орган өкілдері: «Жасөспірімдер арасында қылмыстың болуына көбіне ата-аналар тарапынан берілетін тәрбие мен бақылаудың болмауынан», - деп отыр. «Ал қайғылы жағдайлардың басым бөлігі жеткіншектердің қараусыз қалуынан», - дейді. Сонымен бірге көлікте баламен отырған жүргізушілер жол ережелерін барынша сақтап, жауапкершілікпен қарауды сұрайды. Ресми дерек бойынша былтыр жол-көлік оқиғаларының салдарынан 285 жасөспірімнің өмірі қиылған. 

Ғалым Сарғұлов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Үкіметпен 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді. Сонымен қатар тәжірибелік-профилактикалық шаралар кешені жүзеге асырылуда: акциялар, тұрғылықты жері бойынша аралау, мектептердегі дәрістер, «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шаралары және басқа да жұмыстар жүргізілуде.