Соңғы кезде төлем картасын бұғаттау арқылы жасалатын алаяқтық көбейді.
Ұлттық банк төлем карталарына қатысты алаяқтықтың жаңа әрі өте қауіпті түрі белең алғанын мәлімдеді. Алаяқтар бұл жолы азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, олардың картасын өз еркінен тыс бұғаттау арқылы шотына қол салып отыр. Олар клиенттің атынан банкке хабарласып, «картамды жоғалттым» деген желеумен оны бұғаттауға қол жеткізеді. Одан кейін қоңырау шалып, өздерін «қауіпсіздік қызметі» ретінде таныстырады. Сөйтіп айламен SMS-код пен құпия парольді біліп алады.
Мамандар төлем картасы бұғатталған жағдайда картаның екінші бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген нөмір арқылы банктің ресми call-орталығына хабарласқан дұрыс екенін айтады. Есіңізде болсын, қаржы ұйымдарының қызметкерлері SMS-хабарламада көрсетілген пароль мен кодты ешқашан сұрамайды.