Олар Көшек батыр көшесіндегі аялдамада автобус күтіп тұрған қызды автокөлікке салып, алып кетпек болған. Бірақ сол сәтте жолай өтіп бара жатқан қала тұрғыны араша түскен. Сөйтіп жасөспірімді көлікке сүйреп кіргізіп жатқан жерінен алып қалған. Оқиға аялдама маңындағы жеке тұрғын үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Көлігіне мініп, дереу ізін суытқан күдіктілер көп ұзамай қолға түсті.
Алдын ала ақпарат бойынша олардың 38 және 42 жастағы ағайындылар екені анықталды. Күдіктілердің бірі 2011 жылдан бері психикалық диспансерде тіркеуде тұратыны белгілі болды. Адам ұрламақ болғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Сондай-ақ полиция қызды қарақшылар қолынан құтқарып қалған азаматты арнайы алғыс айту үшін іздестіріп жатыр.