Жаңа Конституция: Қызылордада сарапшылардың кездесуі өтті

  • 402
  • 18.02.2026, 21:40

«Әділетті Конституция – қуатты мемлекет». Республикалық референдум аясынды Қызылордада осындай атаумен сарапшылардың кездесуі өтті. Басқосуда жаңа Ата заң жобасы талқыланды. Ғалым, заңгер, сарапшылар ой бөлісіп, пікір алысты. 

«Гимн» терминінің орнына «Әнұран» деп жазайық. Шиелі ауданының тұрғыны Махамбетәлі Әбдіхамитұлы жаңа Конституцияның жобасына осындай өзгеріс енгізуді ұсынған. 33 жастағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі бұл ұсынысын ресми портал арқылы жолдаған. Көп ұзамай, оның тілегі орындалды. Жаңа Конституция жобасының 11-бабында Мемлекеттік рәміздерге қатысты «Гимн» термині «Әнұран» деп өзгерді. 

Махамбетәлі Әбдіхамитұлы, Шиелі ауданының тұрғыны:

– Қарапайым ауылдың тұрғынысың. Сенің бір ұсынысың ескеріле ме, ескерілмей ме, сен бұл нәрсеге қалай сеніп отырсың деген сияқты. Бірақ ары қарай бес күннен кейін Конституциялық соттан хабар келді, «ұсынысыңыз қабылданды» дегеннен кейін тіпті үлкен үміт оянды. Соны «Еститін мемлекеттің» тек қана жазу түрінде емес, іс жүзінде ол нәрсенің болып жатқанын бір дәлел ретінде қабылдаймыз осы нәрсені.

Махамбетәлі өз пікірін «Әділетті Конституция – қуатты мемлекет» атты кездесуде де ортаға салды. Республикалық референдум аясындағы басқосуға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Жиынға қатысушылар жаңа Ата заң – ел болашағына бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті. 

Алтынай Молжанова, «Анаға тағзым» орталығының директоры:  

- Ерекше әсер еткен тұстардың бірі — ол неке және отбасы мәселесінің ерекше айқындалып көрсетілуі. Жалпы берік отбасы — ол қуатты мемлекет. Егер отбасында тыныштық болса, ол жақтың іргесі берік болса, мемлекетімізде де тыныштық, тұрақтылық болады.

Ризабек Ожаров, облыс прокуроры:

- Жаңа Конституция жобасын дұрыс түсіну маңызды. Көптеген нормалар кеңейтіліп, заман талабына сай жетілдірілген. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау қажеттігі туындады деп ойлаймын. Халқымыздың мүддесі мен қазіргі заманғы талаптарды толық көрсететін құжат болуы тиіс.

Сарапшылар жаңа Конституция жобасында мемлекеттің басым бағыттары болып белгіленген экологиялық мәдениет, «Заң мен тәртіп», білім, ғылым, инновация құндылықтарына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. 

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин