Конституцияның жаңа жобасында халық тарапынан түскен барлық жүйелі ұсыныстар мен пікірлер толығымен ескеріліп, олардың мазмұны Ата заң мәтінінде көрініс тапты. «Сондықтан бұл құжатқа «Халықтық Конституция» деп баға беріліп отыр», - дейді комиссия мүшелері.
Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, яғни елдегі ең жоғарғы құқықтық құжат. Сондықтан мұндағы әр тарау, бап, тіпті әр сөйлем аса маңызды. Қолданыстағы Конституция жаңарады дегеннен бастап әр сала өкілдері өздерінің түйткілді мәселелерін ортаға салып, оны заңды түрде бекітуге талпынды. Міне, сондықтан болар, комиссия мүшелеріне 12 мыңға жуық ұсыныс келіп түскен. Соның бірі «Әкелер одағы» мен «Аналар кеңесі» жіберген ұсыныстар.
Бекдайыр Нығметұлы, республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы филиалының төрағасы:
- Нақты ұсынысымыз – өзіміздің дәстүрлі неке институтын дамыту. Осы институтты біз енді көп жылдардан бері көтеріп келе жатырмыз ғой, батыстан келген теріс ағымдардың жолын кесу. Біздің өзіміздің дәтсүрлі некемізді әрі қарай нығайтып, оны шегелеп қалыптастыру бойынша біз көп ұсыныс бердік және де баланың құқығын қорғау.
Ұсыныс бас құжаттың жобасында көрініс тапты. «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы», - деп жазылды. Мұндай нақты анықтама жаңа жобада алғаш рет Конституция деңгейінде ұсынылып отыр. Бұл өзгертудің мақсаты — дәстүрлі құндылықтарды қорғау және әйелдердің құқықтарын күшейту. Сондай-ақ жобада отбасы жоғары құндылық ретінде қарастырылады, отбасы институтын қорғау мәселесі де айқын көрсетілген. Ата-ана мен бала арасындағы өзара жауапкершілік пен міндеттер, сонымен қатар еңбекке жарамсыз ата-анаға қамқор болу сияқты адамгершілік қағидалары да шегеленіп жазылған.
Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінгі таңда мұны заңмен бекітіп жатырмыз. Өйткені қоғамдағы әртүрлі келеңсіз жағдайлардың бар болғандығы – бұл болашаққа, келешек ұрпаққа кері әсерін тигізбеу үшін осыны заңмен шегелегені өте дұрыс деп есептеймін. Алдын алу. Өйткені біздің қоғамымыз, мемлекетіміз неден басталады? Әр жанұядағы тәрбиеден басталады.
Жаңа Ата заңда қоғамның әрбір мүшесінің қолтаңбасы бар. «Комиссия құрамында тек заңгерлер ғана емес, әртүрлі сала өкілдерінің болуының өзі оның «халықтық» сипатқа ие екендігін көрсетті», - дейді сенатор.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 10 мыңнан аса ұсыныстың түсіп, оған қаралуы бүкіл қоғамның атсалысуын көрсетіп жатыр және де Конституциялық комиссияның барлық отырысы онлайн көрсетілуі кез келген қазақстандықтың Конституцияның қай баптары қалай жазылып жатқандығы, қалай талқыланып жатқандығына куә болып, нақты ұсыныс беруіне мүмкіндік жасалған.
«Цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып дайындалған құжат оның ашықтығын да айқын көрсетті», - дейді Конституциялық комиссия мүшесі.
Алуа Маханбет, Таир Мерекенов