Күллі мұсылман үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Биыл ауыз бекіту 19-шы ақпаннан, наурыз айының 19-на дейін жалғасады. Бұл айда ішіп‑жеуден тыйылумен қатар жақсылықта жарысып, қайырымдылық істермен көбірек айналысқан абзал. Осы орайда Бас мүфти кәсіпкерлерді азық-түлік бағасын тұрақты ұстап, мүмкіндік болса, жеңілдікпен сатуға шақырып, үндеу жасады.
Исламдағы құлшылықтардың ішіндегі ең терең мағынаға ие әрі жүрекпен орындалатын амалдың бірі – ораза ұстау. Көп жағдайда ораза аш жүру, ішіп‑жеуден тыйылу ретінде ғана қабылданады. Ғұламалар: «Шын мәнінде ораза – ішкі дүниенің тазаруына бастайтын құлшылық», - дейді. Алдағы отыз күнде жасалған әрбір ізгі амал еселеніп жазылады екен. Сондықтан жамандықтан арылып, жақсылыққа қарай ұмтылған жөн.
Елбек Тасболатұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
- Рамазанның мәніне келетін болсақ, бес парыздың бірі. Оразаның сауабын Алла тағала өзім беремін деген. Тақуалыққа, тұлғалық тұрғыдан іштей жетілуге себеп болатын ерекше ғибадаттардың бірі деп айтамыз. Рамазан айы әуелі рақмет, ортасы махфирет, соңы тозақтан құтылу күндері деп айтылады. Осындай кезде мүмкіншіліктерді пайдаланып, әртүрлі жақсылықтар істеуі керек. Осындай кезде бір-бірін кешіру маңызды.
Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Наурыз айының 16-нан 17-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – Ораза айт мерекесі. 2026 жылы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленіпті. Бұл еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасы.
Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:
- Кәсіпкерлерді азық-түліктің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан уақытына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар бағасын халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз.
Оразаның маңызды қыры – аштық адамды тәкаппарлықтан сақтап, кішіпейілділікке тәрбиелейді. Рамазан айындағы ізгі амалдар – Құран оқу, садақа беру, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Мүфтият қасиетті айдың мән-маңызын түсіндіру мақсатында рухани іс-шаралар ұйымдастырады. Қадір түніне арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Мешіттерде рухани дәрістер, сұрақ-жауап кештері өткізіліп, халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап беріледі.
Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков