Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Түркістан облысының тұрғындарымен жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерін талқылады. Түрлі алаңдарда өткен кездесулерге зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.
Түркістан – қазақ халқы үшін тағдыршешті заңдар – «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» жазылған өлке. Мыңнан аса адам жиналған Конгресс холлдағы жиында жаңа Консититуция жобасына қатысты ашық әрі мазмұнды пікірталас болды. Қоғам қайраткері Жақсылық Құлекеев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәжіліс депутаттары мен қоғамдастық өкілдері халыққа жаңа өзгерістердің маңызы турасында баяндады. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жиналғандарға Халық Кеңесін құрудың маңыздылығын баяндады.
Рухабза Халдарбек «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының директоры:
- Әрине, Конституцияда бап көп, бірақ отбасы істері және осал топтағы әйелдер мен балалардың мүмкіндіктерін арттыру бағытында жұмыс жасайтын маман ретінде мен үшін 30-бап ерекше. Себебі жаңа Конституцияда отбасы инстуты ұғымы анық көрсетілген. Бұл жерде ең бастысы – ана, әке бала, отбасы мемлекет қорғауында болады дегені.