Шымкент көшелерін 4 млн гүл әсемдейді

  • 380
  • 19.02.2026, 21:39

Шымкенттегі жылыжайларда шамамен 4 млн гүл өсірілді. Шырайгүл, барқытгүл, сәлбен – бәрі де көктемде қала көшелеріне өң беріп, шырайын ашады. Қазір егуге әзірленіп жатыр. Әр көшеттің күйі күнделікті бақыланады. Суарылып, тыңайтқыш беріледі. Температурасына баса назар аударылады. Биыл гүл өсірушілер рекордтық көрсеткішке қол жеткізуді жоспарлап отыр. Гүл егу жұмыстары наурызда басталады. Көшеттер орталық көшелер мен саябақтарға, скверлерге егіледі. «Қаланы әсемдеу ғана емес, көгалдандыру жұмыстары да басты назарда»,  – дейді жауаптылар.   

Сандуғаш Ташболатова, жылыжай қызметкері:

-Бұл гүлдер 80 процентке өседі. Бойы 30 сантиметр болады. Сәуірден қарашаға дейін тұрады. Уақыты-уақытымен суарып тұрса, қарашаға дейін барады, әдемі боп тұрады.

Айдос Қуанышов, қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы:

-Біз биыл Шымкент қаласы аумағына 1 млн 600 көпжылдық гүлдер егу жоспарлап отырмыз. Одан бөлек 2 млн біржылдық гүлдер егеміз. Жылда егіп жүрген петуния гүлдері әр түрлі түсте болады. Одан бөлек біз қала аумағына 1 млн 600 қызғалдақ гүлін ектік. Шымкент қаласының символы ретінде біз жыл сайын егеміз.