Елдің үш өңірінде жел және күн электр станциялары салынады

  • 392
  • 19.02.2026, 21:36

Еліміздің үш өңірінде жел және күн электр станциялары салынады. Олар Қарағанды, Түркістан, Павлодар облыстары. Бүгін Сенат оны іске асыруға арналған халақарылық келісімді мақұлдады. Мамандар жоба қуатқа деген тапшылықты азайтады деген сенімде. Сенаторлар сондай-ақ ойын бизнесінің қызметін ретту жайлы құжатты қарап отандық қан беру қызметінің проблемаларын көтерді.

Бүгінгі жалпы отырыста палата спикері жаңа Конституция жобасына жеке тоқталды. Ертеңнен бастап депутаттар құжаттың мәнін халыққа түсіндіру үшін аймақтарды аралауға шығады. Олар 5 наурызға дейін азаматтармен кездесіп, Ата Заң жобасының негізгі ережелерін, жекелеген баптарын баяндайды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Конституциялық өзгерістер президенттік реформалардың жүйелі жалғасы екеніне баса мән беруіміз керек. Сондай-ақ бұл саяси бағдар «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының институтционалдық негізі екенін айтуымыз қажет. Қолға алынған бастамаларды азаматтардың дұрыс түсініп, қабылдауы реформалардың табысы болуының кепілі. Сондық конституциялық реформалардың мәнін халыққа баяндап қана қоймай, ашық диалог құру аса маңызды.

Ал күн тәртібіне енгізілген мәселелер арасында энергия көздерін дамытуға арналған келісім  ратификацияланды. Құжатқа сәйкес Қарағанды, Түркістан, Павлодар облыстарында жел және күн электр станциялары салынады. Аталмыш жобаларды шығыстағы көршімізбен бірлесіп іске асыру жоспарлануда. Бәрі ойдағыдай болса 1,8 гигават қуат өндіріледі. Бұл саладағы тапшылықты жоюға және өңірлердің дамуына серпін береді. 

Сұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:  

- Заңда ірі жобаларды іске асырудың арнайы тәртібі қарастырылған. Бұл нормалар жобалардың ауқымы мен техникалық күрделілігін ескере отырып енгізілген сондай-ақ қаржылық тұрақтылық, техникалық мүмкіндіктер және жаңартылатын энергия саласындағы дәлелденген тәжірибе секілді инвесторларға да нақты талаптар қойылады. 

Сонымен қатар бүгін туризм және балалар спорты мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулер де қаралды. Заң адам капиталын дамытуды іске асыруға арналған. Сол үшін құжатта балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің мәртебесі қосымша білім беру ұйымы ретінде бекітіліпті. Сондай-ақ жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидалары қарастырылған. Сонымен қатар заңмен еліміздің ойын бизнесін орналастыруға рұқсат етілетін аумақтардың тізбесі кеңейтілген.

Амангелді Есбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Бұрынғы Қапшағай, Бурабайдан бөлек, енді Маңғыстау, Жетісу, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік маңызы бар аймақтарында жаңа ойын зоналарының құрылуы өңірлерге инвесторлар мен шетелдік саяхатшыларды тартудың қосымша тетігіне айналады. Бұл ретте жаңадан белгіленген аумақтардағы ойын мекемелеріне тек шетелдік азаматтардың кіруіне рұқсат беріледі. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады.

Отырыс соңында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Алишер Сатвалдиев отандық қан беру қызметінде қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше донорлар азайып, жүктеме көбейіп келеді. Қазақстандағы донорлық деңгейі 1000 тұрғынға шаққанда 12 донацияны құрайды. Әлемнің кей елдерінде бұл 3-4 есе көп екен.  Сенатор саладағы мемлекеттік саясатты жаңартуды және донорларға өтемақы мөлшерін қайта қарауды ұсынды.

Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов