Алматы облысының тасжолдарында орташа жылдамдықты есептеуге арналған бейнекамералар іске қосыла бастады. Мұндай құрылғылар негізінен жол-көлік оқиғалары жиі болатын жерлерге орнатылған. Аталған жоба жол апаттарының санын азайтып, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Өңірдегі көлік ағыны толастамайтын тасжолдардың бірі – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы. Ірі мегаполисті аудандармен байланыстыратын бұл күрежолмен күніне 70 мыңнан астам автокөлік жүйткиді. Былтыр мұнда 400-ден аса жол-көлік оқиғасы болып, 20 жол апатында жолаушылар қаза тапты. Осындай олқылықты болдырмау үшін аталған жол бөлігіне орташа жылдамдықты есептеу құрылғылары орнатылды. Мұндай жүйе «Алматы – Бішкек» тасжолында да жұмыс істей бастады.
Еркебұлан Ахметов, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары;
- Бұл барлығына мәлім бұрынғы стационарлық жүйеге қарағанда, бұл орташа жылдамдықты есептейді. Жай сөзбен айтқанда, көлік бақылау аймағына кірген уақыты мен шыққан уақытын тіркеп, орташа жылдамдықты есептеп шығарады. Бұл шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу болып есептеледі. Болашақта кезең-кезеңімен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының барлығына осындай жүйені іске қосу жоспарда бар.