Жаңа Конституция: Адам құқықтары басты назарда

  • 326
  • 20.02.2026, 21:34

Жаңа Конституция жобасындағы негізгі ерекшелік – адам құқықтарына басымдық берілгендігі. «Ол жаңа преамбулада ғана емес, толықтай Конституцияның маңызды басымдықтарына айналған», - дейді сарапшылар. Адамның жеке, экономикалық, еңбек және саяси құқықтары қалай қорғалған?

Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституцияның жаңа жобасының 1-бөлімі мен 1-бабында осылай деп жазылған. Демек, жаңа редакцияда адамның құқығы мен бостандығына аса мән берілген. Ол нормалармен нақтыланған. Соның бірі ел арасында «Миранда заңы» деп аталып кеткен 18-бап. Яғни енді әрбір ұсталған адамға оның құқықтары қандай негіздермен шектеліп отырғаны және себептері міндетті түрде түсіндірілуі тиіс. Оған қоса, ұсталған сәттен бастап ол адвокат көмегіне жүгіне алады.

Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қамауға алу кезінде немесе өзге де қылмыстық іс жүргізу шаралары барысында тиісті органдар кей жағдайда адвокат ұсынбауы мүмкін. Сондай-ақ адам «өзіме қарсы айғақ бермеймін», - деп мәлімдегеніне қарамастан, оны міндетті түрде сөйлеуге мәжбүрлеу жағдайлары да тәжірибеде кездеседі. Алайда бұл Конституциялық құқық болғандықтан, ол ең жоғары деңгейде қорғалады. Сонымен қатар азаматтардың Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі болады.

Ал ұсталған адам өз құқығын біледі ме? «Білмесе, оған барынша түсінікті тілмен түсіндірілуі тиіс», - дейді заңгерлер.

Айжамал Мыңжасар, заңгер:

- Егер адам өз құқықтарын түсінбеген болса, тергеуші немесе тергеу органдары оны қайтадан түсіндіруге міндетті. «Сіз мынадай бап бойынша күдікті ретінде ұсталып отырсыз», - деп нақты хабарлауы тиіс. Сондай-ақ оған берген кез келген жауабы сотта өзіне қарсы дәлел ретінде қолданылуы мүмкін екені ескертілуі қажет. Сондықтан ол үндемеуге құқылы және қорғаушы шақыруға құқылы. Егер қорғаушы жалдауға қаражаты болмаса, оған мемлекет тарапынан адвокат беріледі.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, жаңа редакцияда адамның жеке, экономикалық, еңбек және саяси құқықтары да қайта қаралып, нақтыланды.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жаңа жобада еңбек шартың болды ма, болмады ма әр адам жұмыс істеуге құқылы. Ол қорғалады. Және айлық алуына кепілдеме береді деген сөз. Сол себептен мен айлық айлып, егер оны банкілер шотын бұғаттаса, қазір 1,5 млн адамның шоты бұғаттаулы. Мына жаңа Конституция қабылданса, біз бірде-бір банкіге толығымен шотты бұғаттауға рұқсат бермейміз. Ешқандай. Тек қана сотпен. Тек қана 30 пайызын ғана. 5 банкке қарызы бар ма? Сол 30 пайызды бөліп алыңдар. 70 пайызын адам тамақ алып ішу керек.

Бұдан бөлек, адамның жеке өміріне қол сұғылмау құқығына және оның цифрлық дербес деректерінің қорғалуына заң кепілдік беріп отыр.

Алуа Маханбет, Таир Мерекенов