Шымкентте фармацевтикалық өндірісті кеңейту үшін 40 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылады. Жаңа кәсіпорында онкологиялық, жүрек-қан тамыр, инфекциялық әрі созылмалы сырқаттарды, соның ішінде туберкулезді емдеуге арналған 38 түрлі дәрілік затты өндіру жоспарланған. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жоба 2029 жылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің экономикалық әлеуеті арта түспек. Бұған дейін жалпы фармацевтика саласында құны 316 млрд 300 млн теңгені құрайтын алты инвестициялық келісім жасалған. Бұл бастамалар отандық өндірісті күшейтіп, дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашады. Аслан Қинаятов, ҚР ДСМ департаментінің директоры:
-Жоба Мемлекет басшысының қазақстандық тауар өндірушілердің үлесін арттыру, елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайту және инвестицияларды проактивті тарту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған. Келісім Polpharma Santo компаниясының қолданыстағы зауытында ауқымды инвестициялық жобаның жаңа кезеңін бастауға жол ашты.