Шаруалар енді тек өнім өсірумен шектелмей, оны өңдеп, дайын тауар ретінде нарыққа шығаруға кірісті. Кейбір кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектерді құрастыруды қолға алыпты.
Үржарлық Нұрбек Имашев дәнді дақыл мен көкөніс өсіреді. Енді өндірісті әртараптандыруға бет бұрған. Алғашында Қытайдан әкелінген трактор бөлшектерін өз қажетіне құрастырса, бүгінде бұл істі шағын өндіріс деңгейіне жеткізді. Қазір жер жырту, тегістеу, егуге арналған техникалар мен қосалқы бөлшектерді тапсырыспен құрастырады. Қазақстанда құрастырылған тракторларға 30 пайыз субсидия қарастырылған.Нұрбек Имашев, кәсіпкер:
-Соқа бар. Содан кейін бізде жер тегістейтін, себетін сол өнімді бәрін бізде негізі комплектілі жасаймыз. Мемлекеттің қазір өзімізде өндіріс дамысын деген. 30 пайыз субсидиясы бар Қазақстанда құралған тракторларға.
Ал Шаттық Ыдырыш шикізатты терең өңдеуге басымдық берген. Ол күнбағыс майын өндіретін шағын зауытты іске қосуға дайын. Тәулігіне 100 тонна өнім шығармақ. Бұған дейін егіншілікпен айналысып келген шаруа өнімін шикізат күйінде өткізетін. Енді май өңдеп, оны ішкі нарықпен қатар шетелге экспорттауды көздеп отыр.
Шаттық Ыдырыш, кәсіпкер:
-20-23 күн дегенде осыны құрып болдық. Қазір дайын тұрмыз. Осы айдың аяғынан бастап тартуға дайынбыз. Сұраныс Қытай, Өзбекстан. Қазір майға деген сұраныс өте жоғары.
Жалпы Үржар ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған. Мұнда 113 мың гектар егістік алқап бар. Өткен жылы аудан бойынша 152 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Бұл бағытқа шамамен 2 миллиард теңге инвестиция салынды.
Ерзат Болатов, Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Ауыл шаруашылығы дамыған ірі аудандардың бірі болып саналады. 82 миллиард теңгенің өнімдері өндіріліп нақты көлем индексі 109,5 пайызбен қамтамасыз етілді. Бұл облыста қаламен, аудандармен салыстырғанда Үржар ауданы екінші орында тұр. 113 мың гектар егістік егілді. Өткен жылы аудан бойынша 2 миллиардқа жуық, 152 ауыл шаруашылық техникалары алынды.
Ал облыс көлемінде өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 583,8 миллиард теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 101,1 пайызды құрады. Мамандар мұны саланы әртараптандыру мен өңдеу ісінің жандануымен байланыстырады. Шикізатты терең өңдеу, техника құрастыру және экспортқа бағдарлану Абай облысы агросекторының жаңа кезеңге қадам басқанын аңғартады.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков