Қызылордалық студенттер киберқылмысқа қарсы жаңа жүйе ойлап тапты

  • 195
  • 24.02.2026, 21:42

Қызылордалық студенттер қауіпті сайттарды анықтайтын браузер ойлап тапты. Жүйе адамдардың жеке деректері мен қаржылық қауіпсіздігін қорғайды. Тіпті алаяқтардың геолокациясын да таба алады. Цифрлық өнімге құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар департаменті қызығушылық танытып отыр. Студенттердің тың туындысы қалай жұмыс істейді?

Қауіпті сайттарды анықтайтын браузерді жасанды интеллект институтының студенттері ойлап тапты. Киберқылмысқа қарсы жүйе компьютер мен смартфонға орнатылады. «Жоба қаржылық операциялардың қауіпсіздігін де арттырады», - дейді жас технократтар.

Нұрбек Әбілдаев, студент:

- Осы қосымшаның ішінде бірнеше қызметкерге арналған ішінде құрылғылар бар. Оның ішінде сайттың біз IP-адресін және алаятың қай жерде отырғанын, өзінің геолокациясын тауып аламыз. Бізге осылай толық түсінік ретінде жасанды интеллект негізінде бізге түсіндіріп береді. Сол арқылы біз сондай мемлекеттік органдарға беріп, ары қарай соны табумен жұмыс жасай береді.

Интернеттегі алаяқтар СМС-хабарлама арқылы тұрғындарға түрлі сілтемелер жіберетіні белгілі. Оны ашқан адам жеке мәліметінен бір сәтте айырылып қалуы мүмкін. Осылайша қаржысынан да қағылады. Браузерлік қосымша осындай сайттарды бұғаттайды.

Нұрбол Оңалбеков, студент:

- Жалпы бұл жобаға қазіргі таңда облыстық прокуратурадан, департаменттен, полициядан, киберполициядан ұсыныстар түсіп жатыр. Біздің жобаға қызығушылық танытып, пилоттық режимде запуск беруге қатысты ұсыныстар келіп түсуде. Біз ол ұсыныстарды қабылдап, алдағы уақытта игілікке қосып көрмеске деген ойдамыз. Сонымен қатар жобамызды одан әрі дамытып, жарыққа шығаруға өз үлесімізді қосып жатырмыз.

Тек киберқылмыс емес, төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы жас өрендермен бірлесіп, өрт қауіпсіздігі мен су айдындарындағы қауіпсіздікті бақылайтын платформаларды әзірлеуге кірісті.

Олжас Тұрсынбаев, қалалық ТЖБ бас маманы:

- Бұл жерде тек біз профилактикалық шараларды қамтыған жоқпыз. Мынау өртке қатысты платформаларымыз бар, су қауіпсіздігіне қатысты платформаларымыз бар және мынау автокөлік өртіне қатысты платформалар бар, пиротехникаға қатысты платформалар бар. Осы жердегі өз идеямызды өнім дайындаушыларға ұсындық, алдағы уақытта нәтижесін күтетін боламыз.

Болашақ IT мамандардың туындылары құқық қорғау органдары мен ТЖ қызметінің сынақ алаңында тексеріледі. Егер жобалар өзінің өміршеңдігін дәлелдесе, ресми келісімшарттар жасалып, қолданысқа енгізілмек.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин