Астаналық кәсіпкерлер палатасының өкілдері осылай деп мемлекеттік органдардың өтініштерді қарау тәжірибесін сынға алды.
Айтуларынша, өтініштер бір мекемеден екіншісіне қайта-қайта жолданады. Кейде тіпті айлап қараусыз қалады. Салдарынан кәсіпкерлердің жұмысы тежеліп, олар қаржылық шығынға ұшырайды. Сондықтан палата өкілдері тиісті органдарға ұсынымдар жолдап, мәселені шұғыл шешуді талап етті.
Олжас Аязбаев, қалалық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
- Егер былтырғы жылғы статистикаға көз жүгіртетін болсақ, тек Астана қаласының өзінде 300-ден аса кәсіпкерден шағым келіп түсті. Олар мемлекеттік сатып алу, салық, архитектура және жер мәселелері бойынша жолдаған өтініштерінің қараусыз қалғанын айтады. Мемлекеттік органдардың бюрократиясы кәсіпкерлердің жолын байламау керек. Сондықтан әкімшілік рәсімдерді бұзған мемлекеттік қызметкерлерді жауапкершілікке тартуды ұсынамыз.