Қарағандылық кәсіпкер кибералаяқтарға сеніп, 9 миллион теңге несие алған. Қаскөйлер оған екі күн бойы біресе салық, біресе полиция қызметкері болып хабарласып, психологиялық қысым жасаған. Абырой болғанда, жәбірленуші несие рәсімделгеннен кейін ақшаны қолма-қол беруге қойылатын заңды кідіріс кезінде өз әрекетіне күмәнданып, полицияға барған. Осылайша алаяқтардың құйтырқы әрекетінен аман қалды.
Кәсіпкерге өзін салық қызметкерімін деп хабарласқан адам: «Деклорация тапсыру кезінде кеткен қатені түзету керек», - депті. Сол үшін ұялы телефонына келген кодты сұрап алады. Арада 15 минут өткен соң киберполиция бөлімінен телефон шалған екінші адам оның SMS-кодты бекер бергенін, атына алаяқтар несие рәсімдегенін айтқан.
Ермек, жәбірленуші:
- Не істерімді білмедім. Содан кейін олар: «Қазір сіз ешкімге айтушы болмаңыз, қазір бізде операция өтіп жатыр осы бойынша, қылмыскерлерді ұстау үшін, сіз бізге көмектесу керексіз, банкте кредиттер алынып тұр», - деді. «Соларды жабу үшін сіз сол банктардан кредиттерді алуыңыз керек», - деді.
Жәбірленуші 9 миллион теңге несие рәсімдеген. Абырой болғанда банкте ақшаны қолма-қол беруге қойылатын 1 күндік заңды кідіріс уақытында ол өзінің асығыс әрекетіне, үнсіз қалған киберполиция қызметкерлеріне күмәнданады. Сөйтіп полицияға өзі барады. Сол жерде бұл алаяқтардың ісі екеніне көзі жетеді. Ақша банкке дер кезінде қайтарылды. «Жәбірленушілер көбіне психологиялық қысым кезінде алданып қалады», - дейді тәртіп сақшылары.
Қарағанды облысында жыл басынан бері алаяқтар 218 адамды осындай түрлі айламен сан соқтырған.
Дінмұхамед Зияда, ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Бұл жерде оның 41-і өздерін жалған инвестиция платформасы ретінде таныстырып, шығын соммасы 265 миллионнан асса және 80-нен астам түрі өздерін банк, полиция қызметкері есебінде таныстырған. Жалпы жыл басынан бері облысымыздың тұрғындарына келтірілген шығын 600 млн теңгеден асып тұр.
Киберқылмыскерлер ұрланған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін көбіне үшінші адамның банк картасын «транзит» ретінде пайдаланады. Кейбіреулер заңды білмегендіктен картасын қолдануға келісім беріп, дропперге айналып шыға келеді. Оларға 160 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал біле тұра немесе пайда көру мақсатында жасағаны анықталса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- «Елімізде дропперлерге қатысты заң күшейтілгенімен, қылмыс әлі де көп», - дейді полицейлер. Мысалы, Қарағанды облысында биыл қаңтар айынан бері киберқылмыскерлерге дроппер болған 240 адам анықталған. Соның 36-сы шетелдіктер.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков