Ақтөбеде көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаһардан 480 мың текше метр қар шығарылды. Көшелерді жағалай орналасқан 55 шақырым арық тазартылды. Облыс орталығындағы жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстауға 357 көлік жұмылдырылған. Бірінші кезекте өзен деңгейінен төмен орналасқан жеке секторлардан қар шығарылып жатыр. Себебі көктемгі қарғын су Мәскеу мен Шанхай, Оңтүстік-Батыс сияқты шағынаудан тұрғындарын әбігерге салған.
Мирас Әжібаев, АСТАНА ауданы әкімдігінің ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда Алтын Орда шағынауданы ішінде каналдар тазартылды, Құрышсай елді мекені ішіндегі су жүретін арықтар тазартылды. Сонымен қатар алдағы уақытта Думан елді мекені, Жаңақоныс және Бауырластар елді мекеніндегі барлық арық-каналдарды тазарту жоспарланып отыр. Наурыздың онына дейін қар шығару жұмыстарын бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.