Алдағы референдумда 12 миллион 416 мыңнан астам қазақстандық дауыс беру құқығына ие. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. Ол ТМД байқаушылар миссиясы штабының басшысы Евгений Козякпен кездесуінде барлық дауыс беру учаскелері дайын екенін жеткізді. Азаматтар өз деректерін онлайн форматта тексеріп, қажет болған жағдайда дауыс беру күні уақытша тіркеле алады. Әрбір дауыс берушіге QR-коды бар жеке шақыру қағазы үлестіріледі.
Айта кетейік, ТМД байқаушылар миссиясы өз жұмысын бастап кетті. Олар дауыс беру қорытындыларына қатысты өз бағасын референдум аяқталғаннан кейінгі күні жариялайды.
Евгений Козяк, ТМД байқаушылар миссиясы штабының басшысы:
- Байқаушылар миссиясы бүгіннен бастап өз жұмысына кірісті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясы жобасы бойынша өткізілетін республикалық референдумның барысына мониторинг жүргізуді бастады. Оның құрамында шамамен 100-ге жуық халықаралық байқаушы болады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта оларды тіркеу және миссия құрамын жасақтау жұмыстары қолға алынған.