Жаңа Конституция жобасының 31-бабы 2-тармағында волонтерлік қызмет туралы айтылған. Яғни алғаш рет Ата Заң деңгейінде еріктілер қызметін мемлекеттік қолдау және ынталандыру нормалары қарастырылған. Осыған орай Абай университетінде «Ерікті жастар» форумы өтті. Басқосуда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті дамыту мәселелері талқыланды. Іс-шара Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен «Ізгілік Елшісі» ұлттық волонтерлік қозғалысының қатысуымен өтті. Олардың айтуынша, жаңа Конституция ел дамуының стратегиялық басымдықтарын айқындайды.
Болат Тілепов, Абай атындағы ҚАЗҰПУ ректоры:
- Біздің тарихымызда еріктілік құндылығын заңдық тұрғыда бекіген жағдай болған жоқ. Бірінші рет тарихымызда біз мұны заңнамалық деңгейде оның ішінде негізгі заң Конституцияда бұл заң көрініс тауып отыр. Бастысы біздің қоғамымыздағы жалпы рухани қажеттілік еріктілік деген. Бұл ең алдымен, қоғамның өркениеттілігінің бір белгісі ғана емес, қазіргі таңда толыққанды мөлшері деп айтуға болады.
Перизат Күдерина, 1-курс студенті:
- Еріктілік дегеніміз – азаматтардың бірігу құқығы. Сонымен қатар қоғамдық өмірге белсенді араласу құқығы және де қоғам өмірінде бірігу құқығы деп есептеймін. Жалпы еркітілерді конституциялық негізде мойындау – ол тек қана деңгейді көтеру емес, ол жастардың перспективалық мүмкіндіктерін көтеру.