Төрт өңірде су тасқыны қаупі бар

  • 114
  • 25.02.2026, 21:55

Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов мәлімдеді. Оның сөзінше, «Қазгидромет» болжамына сәйкес, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары тәуекел аймағына кіреді. Наурыз айының алғашқы онкүндігінде аталған өңірлер бойынша нақтыланған болжам ұсынылады. Соған сай су қоймаларының жұмысы реттелмек. Дегенмен вице-министр: «2024 жылғыдай ауқымды су тасқыны болмайды», - деп сендірді. Әрі сол кезде тасқын салдарынан зардап шеккен 57 гидротехникалық нысанның 51-і қалпына келтірілгенін айтты.

Ерболат Ибрайханов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:  

- 6 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, Ақмола облысында Қалқұтон және Жабайы өзендерінің арналарын тазалау, терендету және Солтүстік Қазақстан облысында Прибрежное, Тепличное, Бескөл және Кожевенный ауылдарының қорғаныш бөгеттерінің бетондау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 84 елді мекенді қамтитын, 500 мыңнан астам тұрғыны бар аумақты су басу қаупі айтарлықтай төмендетіледі.