Премьер-министр Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын іске асыру бойынша жиын өткізді. Бұл еліміздегі ең ірі дата-орталық салуға бағытталған ауқымды бастама. Жоспар бойынша заманауи орталықтар Екібастұз қаласында бой көтереді. Қазірдің өзінде 1,4 мың гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Мұндай орталықтарда интернеттегі үлкен көлемдегі мәліметтер сақталып, өңделеді. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналдыруға мүмкіндік бермек.
Жоба толық іске асқанда елге 30 миллиард долларға дейін инвестиция тартылып, 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.