Алматыда жеткізу қызметтерімен айналысатын компанияларға және курьерлерге қатысты жауапкершілік күшейеді. Бұл туралы қалалық полиция департаментінде өткен кеңесте айтылды.
Соңғы уақытта шабармандарға шағым көп. Жол ережелерін бұзу, тапсырыс қабылдаушы азаматтардың өміріне қауіп төндіру, затын жеткізгені үшін қосымша ақы талап ету жиілеген. «Тіпті кейбірінің есірткі және киберқылмысқа қатысы бар», - дейді полиция қызметкерлері. Ең сорақысы, заң бұзған курьерді дер кезінде анықтау қиын. Себебі өз атынан аккаунт ашпайды. Ал жеткізу қызметтері өздеріне қандай да бір жауапкершілік алмайды. Сондықтан Алматы полициясы нарық өкілдерінің жауапкершілігін күшейту бойынша ұсыныстар әзірлеп, Ішкі істер министрлігіне жолдамақшы.
Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
- Бірінші кезекте аккаунттарды үшінші тұлғаларға беріп қоймас үшін курьерлер міндетті түрде биометриялық тексеруден бір емес, бірнеше рет өтуі тиіс. Содан кейін шетел азаматтарын жұмысқа тартуға тыйым салуымыз керек. Алматы қаласында арнайы рейдтік шараларды жүргізу барысында 50-ге жуық шетел азаматтарының курьер болып жұмыс істегеніне көзімізді жеткіздік. Курьерлердің алып жүретін дәу дорбаларына номері немесе GPS-трекер орнатылуы тиіс