Бұл жоба Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Корей ғылыми-техникалық ақпарат институтының бірлескен бастамасы. Орталық елдегі ғылымның біртұтас болжау жүйесін қалыптастырады. Яғни жаңа технологиялар бойынша ұлттық форсайт-зерттеулер мен талдау жүйесін дамытпақ.
AI SilkNet қызметі ғылыми-технологиялық және индустриялық деректерді интеграциялауға, болжау құралдарын дамытуға бағытталады. Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ғылымның тиімділігін арттыру үшін әуелі негізгі басымдықтарды дұрыс анықтауымыз керек. Яғни экономиканың сұранысын ескерген абзал. Сондықтан форсайт зерттеулер өткізіп, шетелдің озық тәжірибесіне ауысқан жөн. Биыл алғаш рет министрліктер осы форсайттың негізінде ғылымның басымдықтарын анықтап жатыр.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР ҰҒА Президенті:
-AI SilkNet-тің негізгі мақсаты әлемде болып жатқан технологияларды, патенттерді зерттеулердің барлығын сараптама жасап, әлемдік трендтерді анықтайды. Қандай зерттеудердің перспективасы бар? Қандай зерттеулердің перспективасы жоқ? Жаңадан туындап келе жатқан зерттеулер, содан кейін өшіп бара жатқан зерттеулер онымен ешқандай перспективасы жоқ онымен айналысу болмайды деген сөз.
Орталық жасанды интеллект, үлкен деректер және сценарийлік модельдеу саласындағы Оңтүстік Кореяның озық технологиясына сүйенеді. Ғылыми жарияланымдар, патенттер және жаһандық үрдістер талдауын интеграциялау арқылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың басым бағыттарын айқындайды.
Сик Ли, Kisti президенті /Оңтүстік Корея/:
-Бұл қысқа мерзімді жоба емес. Біз Кореяда дәлелденген библиометрия, патенттік талдау және жасанды интеллектіні болжау жүйелері сияқты құралдарды ұсынамыз. Сондай-ақ операциялық жүйені құруға көмектесеміз. Қазір Қазақстан ғылым мен технологияға бетбұрыс алды. AI SilkNet орталығы деректерді біліммен, білімді шешімдермен ал, шешімді өсумен байланыстырады.
AI SilkNet - еліміздегі болжамды сараптама мен ғылыми-технологиялық форсайттың алғашқы ұлттық платформасы. Соның негізінде өңірлік ғылымды дамыту, ондағы форсайт-желіні қалыптастыру, зерттеулер мен технологиялық дамудың басым бағыттарын айқындау үдерісіне әкімдіктер мен ғылыми ұйымдарды және индустрия өкілдерін тарту жоспарланған. Болашақта AI SilkNet зерттеуінің нәтижесі Орталық Азия елдерінде де қолданылады.
Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон