Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздегі мәслихат депутаттарымен бірге жаңа Конституцияның ережелерін талқылады. «Жаңа Ата Заң жобасы Әділетті Қазақстан идеясын толық іске асыруға ықпал етіп, саяси жүйені демократияландыру мен жаңғыртудың құқықтық негізін айқындайтындайды», - дейді мамандар. Сондай-ақ жаңа Конституцияның преамбуласына тоқталып, адамның құқықтары мен бостандықтары, білім мен ғылым және инновацияны дамытуға бағытталған ережелерге ерекше мән берді.
Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарын Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді іске асыру жолында жұдырықтай жұмылуға шақырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жаңа Конституция жобасы әзірленіп, республикалық референдумға шығарылды. Бұл демократияны нығайта түсетін маңызды қадам екені анық. Жаңа преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Конституцияның жобасы азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, әзірленді. Жарты жыл бойы Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ сарапшылар мен әртүрлі заң салаларының мамандары жаңа Конституция жобасын әзірлеуге атсалысты. Аталған жұмыстың нәтижесінде жаңа Ата Заң теңгерімді әрі терең ойластырылған құжат болып қалыптасты.