Алматыда «Сирек адамдар» деректі фильмінің премьерасы өтті

  • 11
  • 27.02.2026, 21:50

Бұл жоба ілуде бір кездесетін дертпен өмір сүретін қазақстандықтар туралы. Фильм халықаралық сирек аурулар күніне орай түсірілген. Ол жыл сайын ақпан айының соңғы күні атап өтіледі. Жабық көрсетілімге дәрігерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және өмір бойы ауыр дертпен күресіп келе жатқан көрермендер жиналды. Деректі фильмді кинорежиссер Қанат Бейсекеевтің продакшн студиясы түсірген. 

Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 87 мың адам сирек кездесетін аурумен өмір сүруде. Фильм авторлары науқастарға қолдау көрсету, барлық адамдардың тең құқығын сақтау және қоғамдағы инклюзия мәселелерін көтерген.

Михаил Владимиров, «Такеда Қазақстан» ЖШС директоры:

- Диагноз қойылып,  жақсы ем қабылдап жатса да, науқастар үшін қозғалу, жұмысқа бейімделу және қоршаған ортада қиындықтар бар. Сондықтан біз бұл фильм арқылы олардың шынайы өмірін көрсетуге тырыстық. Мені бір қуантатыны – мұндай науқастар бейімделуді біледі, қабілетті, өте позитивті. Олар да біз сияқты адамдар.

Жоба «Такеда Қазақстан» биофармацевтикалық компаниясының қолдауымен, бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды.

Мақсат Әбітаев, екінші режиссёр:

- Осы фильмді жасау барысында «адамның өмірі нәзік» деген түсінікке келдім. Өзіңнің өмір сүріп жатқан әр сәтіңді бағалай білу керек. Бүгінгі күніңді және қазіргі қолыңда не бар, соған шүкіршілік ете білу керек. Осы фильм басқа адамдарға осындай ой салады деген үміттемін.

Фильм авторларының айтуынша, басты мақсат – диагнозды емес, адамды көрсету. Сондықтан картинада оның қорқынышы, үміті, армандары және толыққанды өмір сүруге құқығы бейнеленеді. Жоба авторлары «Сирек адамдар» тек кино ғана емес, бұрын байқалмай келген проблемалар туралы ашық диалогқа қадам екеніне сенімді. Фильмді Қанат Бейсекеевтің ресми YouTube арнасынан көруге болады.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев