Елімізде «ЖСН бойынша дауыс беру үшін өз учаскеңізді табыңыз» сервисі іске қосылды. Референдумда дауыс беру өз учаскеңізді қалай табуға болады? Басқа қалада жүрсеңіз, дауыс беру мүмкіндігі бар ма?
Құралай Жұмахан, тілші:
- Егер сіз референдум өтетін күні жұмыс бабымен немесе жеке шаруаңызбен басқа мекенде болатын болсаңыз да дауыс бере аласыз. Тек ол үшін алдын ала тұрғылықты мекенжайға барып, есептен шығару куәлігін алуыңыз қажет.
Бейсембай Жұмабеков, аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:
- Ол үшін өтініш береді. Өтінішті бергеннен кейін ол кісіге есептен шығару туралы куәлік беріледі. Бұл куәліктің бүгінгі күні барлық қорғаныс белгілері бар. Содан кейін ол есептен шығару куәлігімен келіп, дауыс беретін күні тиісті учаскеде осы куәлік арқылы дауыс беруге мүмкіндігі бар.
Мұндай куәліктер 27 ақпаннан 14 наурыз сағат 18:00-ге дейін беріледі. Есептен шығару куәлігі тек бір рет қана беріледі. Оны дауыс бергеннен кейін учаскеде қалдырып кетесіз. Егер құжат жоғалса, оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Тағы бір айта кетерлігі, есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы алдыруға болады, оны нотариалды куәландырудың қажеті жоқ.
- Бұл куәлік бір қалада тұрып, әкімшілігі бір қала-аудандарда тұратындарға берілмейді. Ол әкімшілік аумағынан тыс жерге шығатын жағдайда ғана беріледі. Мысалы, Астана қаласының Нұра ауданының азаматы Астана қаласының ішінде мұндай куәлікті ала алмайды. Ал егер сол күні Астанадан тыс, басқа қалада немесе басқа ауданда боламын десе, куәлік беріледі.
Өз учаскеңізді қалай табуға болады?
Елімізде «ЖСН бойынша дауыс беру үшін өз учаскеңізді табыңыз» сервисі іске қосылды. Ол үшін жүйеге кіріп, аймақты таңдайсыз және өз ЖСН нөмеріңізді енгізесіз. Содан соң сәл астына түссеңіз, қай аудан, қай мекенжайда дауыс бере алатыныңыз жазылған графа шығады. Сондай-ақ өзіңіздің дауыс беру учаскеңізді аумақтық референдум комиссиясынан тұрғылықты мекенжайыңызды хабарлау арқылы біле аласыз.
Құралай Жұмахан, Медет Қуанышбеков