Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жетісу облысының жұртшылығымен жүздесті. Сапар аясында өткен іс-шараларға «Жаңа Конституция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі» тақырыбы арқау болды. Кездесулерде жаңа Конституция жобасының елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауға бағытталғаны айтылды.
Сенат төрағасы 15 наурыздағы республикалық референдумның стратегиялық маңызы барын атап, реформаның мемлекеттілікті нығайту, құқықтық тәртіпті күшейту және адам капиталын дамытуға қызмет ететінін жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 15 наурызда жаңа Конституцияға байланысты референдум өтеді. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан жүйелі жаңғыртулардың келесі маңызды кезеңіне өту жолындағы тарихи қадам. Елдің болашағына қатысты тағдырлы шешімді халық үніне құлақ аса отырып қабылдау нағыз демократияның жарқын көрінісі екені анық. Жаңа Конституцияның жобасында «Заң мен тәртіп» қағидатына, азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға және орнықты даму бағдарына баса мән беріліп отыр. Мұның бәрі «Әділетті Қазақстан» идеясын Конституциялық нормалар арқылы бекітудің жарқын көрінісі екені сөзсіз.