Қыз тәрбиесі: жаңа заң не дейді?

  • 9
  • 03.03.2026, 21:56

Қыз тәрбиесіне қатысты қоғамда түрлі пікір айтылып жүр. Әлеуметтік желіде «тәрбие тізгіні босап кетті» деген көзқарас жиі тарайды. Алайда психологтар мұны біржақты бағалауға болмайтынын алға тартады. Ал этносаясаттанушылар мемлекеттік саясат аясында қыздардың білім алуы мен қоғамдық белсенділігі кеңейіп келе жатқанын айтады. Бұл мәселе жаңа заңда қалай қарастырылған? 

Қазақ танымында қыз – ұрпақ өрбітер ана, отбасының ұйытқысы. Дегенмен бүгінгі қоғамда оны тек тұрмыстық дағдымен шектеу жеткіліксіз. Бұрымдының әкесі Айдос Меделбектің айтуынша, бойжеткен сапалы білім алып қана қоймай, өнер мен спортқа ден қойып, заманауи ақпарат кеңістігінде де сауатты бағдар ұстай білуі тиіс.

Айдос Меделбек:

- Қыз балаларға да 7 өнер аз емес. Білім жағынан да дамып жатыр қыздар. Спорт саласы да мақсат. Әлеуметтік желіде де отырма демеймін, отыр. Көру керек. Үйрену керек. Менің бұған көзқарасым қазіргі заманға сай.  Анасы өзінің әйел жағынан тәрбиесін берсе, мен сыртта ер азаматтың тәрбиесін беремін.

11 жастағы Әниса Айдосқызы кекушинкай каратэмен үш жылдан бері шұғылданып келеді. Осы уақыт ішінде ол 30-ға жуық жарысқа қатысып, екі мәрте халықаралық додада ел намысын қорғап, көк байрағымызды биікке көтерген. Жас спортшы жаттығу барысын әлеуметтік желіде тұрақты жариялап, миллиондаған қаралым жинап, қатарластарын салауатты өмір салтына үндеп жүр.

Аниса Меделбек, мектеп оқушысы:

- Мен Қазақстан атынан шығып, әлем чемпионы болғым келеді және Азия мен Еуразия чемпионаттарында чемпион болғым келеді. Қазақстанның туын желбіреткім келеді. 

Психологтің пікірінше, қазіргі заманда қыз тәрбиесіне жаңа талаптар қойылады. Дегенмен ұлттық құндылықтарды сақтау маңызды.

Айман Әбдуалиева, психолог:

- Қыз баланың тәрбиесінде соғыс, Кеңес Одағы өте көп әсер етті. Біздің ата-аналарымыз өте қатты болды, өздерінің қыз екендігін сезбей өсті. Содан кейін қазіргі қыздарды алып қарасақ, қыздардың еркіндігі көбейді. Біреулері ерке, біреулері қатты жұмысқа беріліп кетеді. Екі жақ та дұрысталуы керек. Бұрынғы кездің тәрбиесі жарамайды. Бірақ негізгі құндылықтарды алу керек.

Этнополитологтың пайымынша, қыз баланың еркін қалыптасуы мен құқықтарының сақталуы – ол өмір сүріп отырған мемлекеттің даму бағытына тікелей тәуелді. Елдегі саяси ұстаным, гендерлік саясат пен заңнамалық кепілдіктер бойжеткендердің мүмкіндігін айқындайды. 

Айгүл Ешмағамбетова, этносаясаттанушы:

- Егер сол мемлекеттегі саясаткерлер және мемлекеттің басшылығы әйелдерге құқық беруге құлықты болса, керекті заңнамаларды қабылдайтын болса, онда әрине, әйел құқықтары жақсарады. Ал егер сол мемлекеттерде экономикалық жағдай ауыр болса, индустриализация мен цифрландыру төмен болса және мемлекеттік басшылығы саяси шешім қабылдамаса, онда әйелдердің құқықтары бұрынғы қалыпта қала береді.

Әлемдік тәжірибеде Еуропа мен Скандинавия елдерінде қыздардың еркіндігі мен тең құқығы кеңінен қамтамасыз етілген. Ал Ауғанстан, Пәкістан, Йемен, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттерде гендерлік шектеулер әлі де сақталып отыр. Әсіресе Ауғанстанда қабылданған жаңа заңдар әйелдердің құқықтық мүмкіндігін тарылтқаны туралы халықаралық қауымдастық алаңдаушылық білдіруде.

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің айтуынша, Қазақстанда әйелдердің көшбасшылық әлеуетін күшейтуге бағытталған нормалар жаңа заңнамада нақты көрініс тапқан. Бұл бастамалар нәзік жандылардың кәсіпкерлікпен айналысуына және мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуына кең мүмкіндік береді.

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Гендерлік саясат, гендерлік теңдік туралы айтылып жүр. Президентіміз 2022 жылы қыз-келіншектердің үлесі 30 пайыздан төмен болмауы керек екенін атап өткен болатын. Әйелдердің саны жалпы халықтың 51 пайызын құрайды. Сондықтан 30 пайызбен тоқтап қалмай, 50 пайызға дейін жеткізсек, тіпті жақсы болар еді. Президенттің сөзі негізінен осыған саяды.

Қазақстандық қыз-келіншектер ешкімнен кем емес. Оларда көшбасшылыққа қажетті барлық қасиет бар. Сондықтан қыздарға үлкен сенім білдіріп, үлкен саясатқа көбірек тартуымыз қажет.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қыз тәрбиесі мен оның еркіндігі тек отбасы мен мектепке ғана емес, тұрып жатқан елдің саяси, құқықтық жүйесіне де тікелей байланысты. Елде тең құқық пен мүмкіндік кең болса, қыздар жан-жақты дамып, бұрымдыны тәрбиелеуде өз таңдауын еркін жасай алады. 

Диана Қадыр, Самат Қазанбай