Жетісу облысында Конституциялық өзгерістер түсіндірілді

  • 9
  • 04.03.2026, 21:35

Жаңа Конституцияның жобасы Жетісу облысындағы өндіріс орындарында да талқыланып жатыр. Аймақтағы кәсіпкерлік нысандарында 123 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Ел талқысына ұсынылған Ата Заңның 27 бабы еңбек адамдарының мүддесін қорғауға арналған. Онда азаматтардың әлеуметтiк қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік беріледі делінген.

Нұрхан Мырзаев бояу шығаратын зауытта жеті жылдан бері жұмыс істейді. Химиялық қоспаларды әзірлейтін оператор жаңа Конституцияның жобасымен танысып, ой қорытқан. 

Нұрхан Мырзаев, оператор:

- Осы Конституция қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғайды деп ойлаймын. Уақытылы айлығымызды, демалысымызды береді. Біз Конституцияны қолдаймыз. Бұл мыңдаған жұмысшының өмір сапасын жақсартып, құқығын қорғайды деп ойлаймыз. 

Кәсіпорын қолданысқа қажет қарапайым бояулардан бастап, жол белгілеріне арналған күрделі құрамдағы сұйықтықтарды шығарады. Бұл жұмысқа 60-тан аса адам жұмылдырылған. 

Қуаныш Сәрсенбаев, зауыт директоры:

- Референдум, Конституция жайлы жұмысшыларға түсіндіріліп айтылды. Мемлекеттік маңызды референдум болғаннан кейін 15 наурыз күні олар қатысады. 

Кербұлақ ауданындағы цемент зауыты – аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі. 300-ден аса жергілікті тұрғын еңбек ететін өндіріс орнында да Ата Заңдағы өзгерістерге қатысты жиын өтіп, енгізілген жаңашылдықтар түсіндірілді. 

Болысбай Момбаев, зауыт директорының орынбасары:

- Еңбек заңнамасында 8 сағаттық жұмыс уақыты, демалыс және өзге де құқықтарға қатысты жеңілдіктер толық қарастырылған. Конституция осының бәрін реттейді. Ал Еңбек кодексі бойынша біз бұл нормаларды құптаймыз және олардың толық орындалуын қолдаймыз.

Жалпы Жетісу облысында 600-ге жуық өндіріс орны мен 62 мың шағын және орта бизнес нысаны бар. Онда 123 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Сала еңбеккерлері де алдағы референдумға қатысып, өз таңдауын жасайтын болады.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев